Accessibility links

Орал соты "полицияға бағынбады" деген айыппен қамалған белсендіге қатысты шешімді өзгеріссіз қалдырды


Азаматтық белсенді Орынбай Оқасов (ортада).
Азаматтық белсенді Орынбай Оқасов (ортада).

4 сәуірде Батыс Қазақстан облыстық соты азаматтық белсенді Орынбай Оқасовтың апелляциялық шағымын кері қайтарды. Өткен айда белсенді сайлау қарсаңында "полицияға бағынбағаны үшін" жеті тәулікке қамалған. Жақтастары билік сайлау нәтижесіне қатысты наразылық қарсаңында белсендіні қоғамнан оқшаулағысы келеді деп есептейді.

Оқасовтың адвокаты Көлжанов апелляциялық шағымында бірінші инстанцияда шыққан шешімнің күшін жоюды сұраған. Алайда судья Гүлнара Миниус шешімді өзгертуге негіз жоқ деген қорытынды жасады. Оның айтуынша, Оқасовты полицейлер тоқтатқанда, ол құжаттарын беруден бас тартқан.

Судьяның түсіндіруінше, ереже бойынша жүргізуші полиция қызметкерінің рұқсатынсыз көліктен кете алмайды.

– Мына жағдайда полицейлер одан көліктен шығуды талап еткен, Оқасов орындамаған, – деді судья Миниус.

Орынбай Оқасов пен оның адвокаты шешімге әсер еткен себептердің барлығын санамалап шығуды сұраған, алайда судья Миниус өтінішті орындамай, жай-жапсары сот шешімінде жазылатынын айтып, процесті аяқтады.

Жиналғандар сотқа қарата "Масқара!" деп айқайлады.

Орынбай Оқасов Азаттыққа шешімге келіспейтінін жеткізді. Әзірге шешімді апелляцияға беретін-бермейтіні белгісіз.

17 наурызда Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік істер жөніндегі соты Орынбай Оқасовты "полицияға бағынбағаны үшін" жеті тәулікке қамаған.

Іс материалдарына қарағанда, 9 ақпанда кешкісін Оралдың орталығында полицейлер белсендінің көлігін тоқтатқан. Полиция қызметкерлері Оқасовтан көліктен шығуды сұрағанда, ол "бағынбаған". Полицейлер көліктің терезесін шағып, оны сыртқа күштеп шығарған. Бұдан соң қызметтік көлікке отырғызып, "ішімдік ішу деңгейін анықтау үшін" сараптама орталығына апарған.

Оқасовтың айтуынша, ол көліктен шығудан бас тартпаған, тек әуелі "құқықтары бұзылмас үшін" адвокаты мен әріптесіне хабарласуға мүмкіндік беруді сұраған. Белсенді ұстау кезінде көп заңсыздық болғанын, өзін полицейлер ұрғанын айтты. Мұны іске тіркелген сот-медицина сараптамасының нәтижесі де дәлелдеген.

Бірінші инстанция соты айыпталушыны ұстау кезінде заңсыздық болғанын растап, белсенді мен адвокатқа "бәрін жазып алдым" деп айтқан. Алайда сот оған байланысты жеке қаулы шығарған жоқ.

9 ақпан күнгі оқиғаға байланысты Оқасов бұған дейін де "полицияның талабына бағынбағаны үшін" 15 күнге қамалып, сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Оның алдында Оқасов "алкоголь ішкенін-ішпегенін тексергісі келген полиция қызметкерінің талабына бағынбағаны үшін" жазаланған.

Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, елдегі маңызды мәселелер туралы пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Сол үшін талай әкімшілік жауапқа да тартылған. 2021 жылы қарашада "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсендінің бостандығы бір жылға шектелген. Бірақ "митингіге қатыспақ болғаны үшін" бірнеше айдан соң түрме жазасы берілді. Белсенді былтыр күзде түрмеден босап шықты.

XS
SM
MD
LG