Accessibility links

Депрессияға түспес үшін не істеу керек? Күйзелістен қалай шығамыз?


Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасының 11-эпизодында психолог Жанар Оспановамен депрессия тақырыбын қозғадық. Депрессия, стресс, апатия деген не? Адам депрессияға түскенін қалай біледі? Депрессиядан қалай шығамыз? Антидепрессант депрессиядан шығуға көмектесе ме? Осы және депрессия тақырыбының айналасындағы басқа да сауалдарға жауап іздедік.

Күйзеліске түспес үшін не істеу керек? Депрессиядан қалай шығамыз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:33:18 0:00

Эпизодта психоаналитик Жанар Оспанова айтқан кеңестердің ең маңызды тұсын мәтін түрінде де ұсынамыз:

ДЕПРЕССИЯНЫҢ "СИМПТОМДАРЫ" ҚАНДАЙ?

Адам екі аптадан артық көңіл-күйсіз жүрсе, ұйқысы мен тамағы бұзылса, яғни көп ұйықтай берсе я ұйықтай алмаса, тамақ іше берсе не тамақ ішпей қойса, ештеңеге қызықпаса не өте белсенді болып кетсе, демек, психолог мамандарға барғаны жөн. Депрессия кезінде адамның жаны ауырады. Өзін деструктив түрде кінәлай береді. Адамның еңсесі түсіп кетеді, өмірге құштарлығы жоғалады. Төсектен тұра алмай жата беруі де мүмкін. Ал бір-екі күн көңіл-күйі жоқ болса, бұл – депрессия емес, көңіл-күйдің түсуі.

ДЕПРЕССИЯДАН ҚАЛАЙ ШЫҒУҒА БОЛАДЫ?

Депрессиядан психологтің, психотерапевтің, психоаналитиктің көмегімен шығуға болады. Психолог депрессиядағы адамның жанына батқан мәселені айттырады, тыңдайды. Іште қатып қалған сезімдерін, эмоцияларын "жібітеді". Ал адам орнынан қозғала алмай тұрмай жата берсе, психиатрға жібереміз. Психиатр дәрі-дәрмек, антидепрессант беруі мүмкін. Бірақ антидепрессант қайғыны ешқайда жібермейді, тек уақытша басады. Сондықтан депрессия кезінде психолог пен психиатр бірге жұмыс істеуі мүмкін.

ДЕПРЕССИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Адам депрессияға түспес үшін бала кезде оған сезімдерін, эмоцияларын түсіндірген жөн. Бала ренжісе, ашуланса, "сен ашуланып қалдың, бұл ашу деп аталады, ренжіп тұрсың, бұл – реніш деген сезім" деп түсіндірген дұрыс. Себебі бала сезімді, эмоцияларды түсінбейді, оны анасы, айналасындағы ересектер түсіндіруге тиіс. Ал балаға "ренжіме, ашуланба" деп ұрсып, ұрып жіберсек, ол сезім мен эмоцияларын тұншықтырады. Ал бала кезден сезімі мен эмоциясын түсінген баланың есейгенде депрессияға түсу ықтималдығы төмен. Жалпы, адам эмоциясын, сезімдерін танып, қабылдаса, кез келген қиын жағдайдан шыға алады.

ДЕПРЕССИЯҒА НЕ СЕБЕП БОЛАДЫ?

Депрессия – айырылу. Жақынынан айырылу, жұмысынан, табысынан айырылу адамға – қайғы әрі күйзеліс. Қайғы деген өте ауыр, қайғыру үшін де күш керек. Ал бұл өмір қайғысыз болмайды. Бала кезде әке-шешесі махаббатпен өсірген, ата-анасының демеуін сезінген адам ғана қайғыра алады. Қайғыны көтере алмаса, депрессияға шалдығады. Қайғыру қиын болса, ол қайғы денеге түсіп, адам түрлі ауруға шалдығады. Адам сезімін, эмоциясын тануды үйренуі керек. Бала кезде ата-анасы танытпаса, есейгенде психолог мамандар арқылы тани алады.

КҮЙЗЕЛІСТЕГІ АДАМҒА ЖАҚЫНДАРЫ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

Депрессиядағы жанды жанындағы адамдар еш агрессиясыз тыңдауы керек. Әрине, күйзелістегі адамды тыңдау ауыр. Бірақ оған "қой, болды", "болмайды, қайғырма", "керек емес, есіңді жи" деген сөздер көмектеспейді. Бастысы – тыңдап, қасында болып, қолдау қажет.

"Жаншипа" подкасының жеке шекара туралы бұл эпизодын Youtube арнамыздан я Apple podcast, Google podcast платформасынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG