Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы резиденциясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті қабылдады деп хабарлады 5 сәуірде ресми БАҚ.
Ақорда таратқан екі сөйлемнен құралған хабарламада Тоқаев пен Тасмағамбетов нақты не мәселені талқылағаны айтылмайды. Тек "кездесуде ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттары бойынша бірқатар мәселе, сондай-ақ ұйымның осы жылғы жоспары талқыланды" деп жазылған.
Өткен аптада ресейлік ақпарат агенттіктері Тасмағамбетовтің Батыс елдерінің Украинаға қару жеткізуін айыптаған сөзінен үзінді келтіріп, ақпарат таратқан еді. Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі бұл сөзін ұйымның кеңейтілген отырысы кезінде айтқан. ҰҚШҰ сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, баяндама жасаған Тасмағамбетов қақтығысқа "аймақтан тыс күштер қызу қатысып жатқанын" мәлімдеген. Ол Украинадағы жағдайдың ушығуына Батысты кінәлай сөйлеп, Киев пен Мәскеудің бейбіт келісімге келуіне Батыс елдерінің "толассыз қару-жарақ жеткізуі кедергі келтіріп отыр" деген.
ҰҚШҰ бас хатшысының сөзін әлеуметтік желі қолданушылары сынап, кейбірі "ол орыс әскері украин қалаларын атқылағанын айналып өтті" деп жазды.
Кезінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Тасмағамбетов 2017 жылы Владимир Путиннің қолынан сенім грамотасын алған. Шамамен үш жылдан соң "зейнет жасына жетуіне байланысты" қызметінен босатылған. Бұрын Қазақстанның премьер-министрі, қорғаныс министрі және Алматы әкімі болған Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшылығына былтыр күзде келген.
Мәскеудің жақын одақтастарының бірі Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық айыптаған жоқ. Бірақ Астана Мәскеудің әрекетін ресми түрде қолдамайды, Қазақстан украин халқына гуманитарлық көмек жіберген. Украинаның бірқатар қаласында "Мызғымастық киіз үйлері" ашылған. Қазақстан СІМ бұл жеке бастама екенін айтқан.
Бірақ Қазақстан билігі орыс әскерінің украин қалаларын атқылауын айыптамады. Орыс әскері Украинаның энергетика инфрақұрылымын атқылағаннан кейін қақаған қыста жүздеген мың адам жылусыз, жарықсыз, сусыз қалған. БҰҰ өкілдері Ресейдің Украина аумағындағы әскери қылмысы анықталғанын айтқан. Былтыр желтоқсанда Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатуды талап еткен БҰҰ қарарына қарсы дауыс берген.
Дегенмен Қазақстан билігі Донбасстағы сепаратистік құрылымдарды мойындаған жоқ. Мәскеу оларды тәуелсіз республика деп жариялап, кейін Украинаның бірнеше облысымен бірге аннексиялаған.
Оның алдында өткен псевдореферендумдарды да Қазақстан мойындаған жоқ. Алайда биыл The Economist журналы Қазақстанды "Путиннің достары" тізіміне қосып, Иранмен қатар қойған. Жуырда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Путин елге келсе, оны тұтқындамайтынын мәлімдеген. Қазақстан СІМ-нің хабарлауынша, Путинді тұтқындауға берілген ордерді Рим статутын ратификациялаған елдер ғана орындауға міндетті. Қазақстан олардың қатарында емес.