Accessibility links

Бірқатар аймақ әкімдіктері белсенділерге сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізуге тағы рұқсат бермеді


Қазақстанда бірқатар аймақ әкімдіктері белсенділерге парламент сайлауының нәтижесіне қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді.

Батыс Қазақстан облысынан мәжіліс депутаттығына үміткер болған Лұқпан Ахмедияровтың өтініші осы аптада кезекті рет кері қайтты.

Ол бұл жолы бейбіт жиынды 9 сәуірде Оралдағы Мәметова алаңында өткізгісі келген. Тақырыбын "Сайлау туралы заң мен ҚР Конституциясын қорғау" деп көрсеткен.

Қала билігі Ахмедияров көрсеткен орында 9 сәуірде басқа шара өтетінін айтып, ескерту хатын кері қайтарған. Әкімдіктің мәліметінше, ол күні "Ғасыр" жастар бірлестігі "Батырларға тағзым" акциясын өткізеді.

– Бұл – әншейін сылтау. Бізге митинг өткізуге мүмкіндік бермеу үшін солай жауап беріп жатыр, – деді Лұқпан Ахмедияров Азаттыққа.

Оның сөзінше, әкімдіктің жауабы желіде жарияланғаннан кейін жергілікті жастар ұйымынан бір студент журналиске хабарласып, студенттерге "9 сәуірде әйтеуір бірдеңе өткізу туралы" тапсырма түскенін айтқан.

– Оларға "өлең айтасыңдар ма, ән айтасыңдар ма, әйтеуір бірдеңе өткізіңдер депті, – деді Ахмедияров.

Орал әкімдігі Ахмедияровтың митинг жайлы өтінішін бұған дейін де қайтарған.

Қазақстанның өзге өңірлерінде де жергілікті билік сайлаудың ресми нәтижесіне қарсы митинг өткізгісі келетін адамдардың өтінішін кері қайтарып жатыр.

Астана әкімдігі "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшесі, мәжіліс сайлауынан шеттетілген Марат Жыланбаевқа да 9 сәуір өткізгісі келген митингісіне рұқсат бермеген. Оның айтуынша, митингінің тақырыбы – "заңсыз сайлаудың нәтижесін жою". Әкімдік белсенді көрсеткен орын демалыс күні бос болмайтынын айтқан.

Шымкентте де әкімдік сайлаудағы заңсыздықтарға қарсы митинг өткізбек болған белсенділердің өтінішін қабылдамаған. Қалалық ішкі саясат басқармасына митинг өткізу жөнінде хабарландыру тастаған белсенді Мақсат Дүйсебаевтың айтуынша, әкімдік бас тарту туралы хабарды 5 сәуір күні кешкісін берген. Хабарламада көрсетілген үш орынның екеуінде жөндеу жүріп жатқаны, ал бірінде мәдени-бұқаралық шара өтетіні жазылған.

Осыған ұқсас оқиға Алматы, Жаңаөзен, Петропавл қалаларында болған.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға барғандар әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.

19 наурызда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауында, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәжілістегі орындардың басым бөлігін билік партиясы иеленген. Парламентке билікті сынамайтын тағы бес партия өтті. Тәуелсіз бақылаушылар мен өзін-өзін ұсынған бірқатар кандидаттар сайлау әділетсіз өткенін айтып, көп заңсыздық болғанын хабарлаған. Мәжіліске өте алмаған кейбір кандидаттар сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, сайлауды қайта өткізуді талап етті. Билік сайлау нәтижесіне әсер ететіндей ірі заңсыздық болмағанын айтады.

XS
SM
MD
LG