Accessibility links

Оралда полицияға "Мой город" редакциясына жарылғыш зат қойылды" деген хабар түскен


7 сәуірде түнде Оралда "Мой город" жаңалықтар порталы редакциясына полицейлер келді. Олар ғимаратқа бомба қойылғаны туралы хабарлама түскенін айтқан.

– Маған полицейлер хабарласып, бомба қойылғаны туралы хабар түскенін айтып, редакцияға келуді өтінді. Редакция ірі ғимаратта шағын орынды ғана алып тұр, сол себепті бұл жалған хабарлама екеніне күмәнім болмаған. Редакцияға әуелі итімен кинолог, шұғыл қызмет мамандары кірді, содан кейін жедел тергеу тобының өкілдері келді. Құдайға шүкір, ештеңе тапқан жоқ. Редакциямызды "миналау" кімге және не үшін қажет болғаны түсініксіз, – деді порталдың бас редакторы Анель Қайнеденова.

Батыс Қазақстан облыстық полициясы өзін "шахид" деп атаған адамнан электрон хат түскенін, "100 кило тротил толтырылған бомба қойғанын, оны таймермен іске қосатынын айтқан".

Полиция редакцияны тексеріп, ешқандай жарылғыш зат таппаған. "Қазір қастық ойлаушы іздестіріліп жатыр" деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.

"Мой город" порталы негізінен Қазақстанның батыс өңірінен – Ақтау, Ақтөбе, Атырау мен Оралдағы оқиғалардан ақпарат таратады.

Қазақстан Қылмыстық кодексінде теракт жөнінде қасақана жалған ақпарат таратқандарға 5 АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) көлемінде айыппұл және бес жыл түрме жазасы қарастырылған.

XS
SM
MD
LG