Accessibility links

Алматыда митингіге жиналғандар сайлауды заңсыз деп тануды талап етті


Митингіде сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп тұрған халық. Алматы, 9 сәуір 2023 жыл.
Митингіде сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп тұрған халық. Алматы, 9 сәуір 2023 жыл.

9 сәуірде Алматыда болған митингіде мәжіліске не мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар, белсенділер мен тұрғындар сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, оны заңсыз деп тануды талап етті. Азаттық Telegram-дағы арнасында оқиға орнынан мәтін түрінде трансляция жасады.

"Халық парламентінің" Республика алаңында өткен митингісіне ондаған адам жиналды. Рұқсат етілмеген митинг мамамен екі сағатқа жалғасты, соңында қарар қабылданып, оған бес талап енгізілді. Атап айтқанда:

  • 19 наурызда өткен сайлауды заңсыз деп тану;
  • "Заңсыздық көп болған" сайлау арқылы жасақталған парламент пен ол бекіткен үкіметке сенімсіздік білдіру,
  • Алматыда Республика алаңын бейбіт жиын орны ретінде белгілеу;
  • Саяси тұтқындарды босату;
  • Президент Тоқаевтан сепаратизмнің кез келген түріне тыйым салуды талап ету.

Митинг барысында сайлаудағы заңсыздық, биліктің саяси реформалар туралы уәдені орындамауы, белсенділерді қудалау, сепаратизммен күрес, қымбатшылық, мемлекет байлығының ұрлануы және өзге мәселелер айтылды. Белсенділер сайлау, саяси партиялар мен бейбіт жиын туралы заңдарды Конституцияға сәйкестендіру қажет екенін айтып, жаңа депутаттар алғашқы қадамын содан бастасын деді.

– Тоқаев алты тіл біледі дейді. Егер халықтың тілін түсінбесе, одан не пайда? Бізге ондай биліктің қажеті жоқ, – деді мәжіліс депутаттығына үміткер болған, бірнеше жыл бұрын "Нұр Отаннан" қуылған экс-депутат Нұржан Әлтаев.

Белсенді Олжас Әбілқайыр "кейінгі айда болып жатқан іс-әрекет әділетсіз сайлаудан бастап, мемлекет байлығы сатылып жатқаны, шекаралардың ашықтығы, сепаратистердің жағдайы, Қанды Қаңтар – барлығы бірінші кезекте билікке, одан кейін халыққа да сабақ болуы керек" деді.

– Халыққа шындықты айтқан адамдарды бес жылға түрмеге жабады, дәл сондай сөзді басқа елдің мүддесі үшін айтқан адамдар кешірім сұраумен шектеледі. Бұдан асқан әділетсіздік жоқ екенін көрген халық ертеңгі күні не істеуі керек? Ойланыңыздаршы, құрметті азаматтар! Маған және осында, жанымда тұрған азаматтардың ешқайсысына қан, революция, сойқан ештеңе керек емес. Бірақ, биліктегі азаматтар, сіздер халық үнін естуге міндеттісіздер! Халықты сөзге көнбейтіндей дәрежеге жеткізбеңіздерші, – деді ол.

Жиналғандарға прокуратура мен әкімдік өкілдері келіп, "бұл шара заңсыз" екенін ескертті. Ал "Халық парламентінің" өкілі Рысбек Сәрсенбайұлы "билік бейбіт жиын туралы заңын бұрмалап, азаматтардың бейбіт жиналу құқығын бұзып отырғанын" айтты. "Халықтың конституциялық құқықтарын бұзғандардың өзін жауапқа тарту керек" деді ол.

Жексенбі күні Алматыда митинг өтіп жатқан кезде Республика алаңында интернет бұғатталды. Шараны полиция қызметкерлері алыстан бақылап тұрды. Әзірше ұсталғандар туралы ақпарат жоқ.

9 сәуірде Оралда мәжіліс депутаттығына үміткер болған, журналист Лұқпан Ахмедияров сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізу үшін орталық алаңға барған. Ол жақта қала билігі "Батырларға тағзым" атты патриоттық акция өткізген. Журналист сайлауда өзінің сенімді өкілі болған Клара Байболованы полицейлер алаңға бара жатқан жолда ұстағанын айтты.

Бұған дейін журналист митинг өткізу жөнінде әкімдікке екі рет ескерту-хабарлама беріп, екі ретте де әкімдік "алаң бос болмайтынын" айтып, рұқсат етпеген еді. 9 сәуірде ол азаматтарға пікір білдіруге мүмкіндік бермей отырғаны үшін әкімдіктің үстінен сотқа шағымданатынын айтты.

Осыған дейін Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер жергілікті билік сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізуге рұқсат бермегенін айтқан. Кейбірі конституциялық құқықтарын пайдаланып, билік рұқсат бермесе де, алаңға шығатынын хабарлаған.

Бір күн бұрын Бас прокуратура азаматтарға 9 сәуір күнгі "заңсыз митингіге" бармауды ескерткен.

19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауында, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәжілістегі орындардың басым бөлігін билік партиясы иеленген. Парламентке билікті сынамайтын тағы бес партия өтті. Тәуелсіз бақылаушылар мен өзін-өзін ұсынған бірқатар кандидаттар сайлау әділетсіз өткенін айтып, көп заңсыздық болғанын хабарлаған. Мәжіліске өте алмаған кандидаттар сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, сайлауды қайта өткізуді талап етті. Билік сайлау нәтижесіне әсер ететіндей ірі заңсыздық болмағанын айтқан.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Халықаралық және құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG