Accessibility links

Жаңаөзендік жұмыссыздар Астанада "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен кездесті. Екі тарап келісімге келе алмады


Жаңаөзеннен Астанаға келіп, жұмыс талап еткен мұнайшылар энергетика министрлігінің алдында жатыр. 11 сәуір, 2023 жыл.
Жаңаөзеннен Астанаға келіп, жұмыс талап еткен мұнайшылар энергетика министрлігінің алдында жатыр. 11 сәуір, 2023 жыл.

Жаңаөзеннен Астанаға арнайы келіп, жұмыс талап еткен жаңаөзендіктер бүгін, 11 сәуірде "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен кездескенімен, нақты бір келісімге келе алмады.

– "ҚазМұнайГаз" өкілі бізден тендерде жеңген "Кезби" және Ai-Bis компанияларына баруды сұрады. Біз оған қарсымыз, бұл ұсынысқа ешкім келіспеді. Себебі "Кезби" мен Ai-Bis екі айдан соң бізге түрлі талап қоюы мүмкін, – деді наразылардың бірі Жолмұрат Лұқпан.

Бұған дейін де "ҚазМұнайГаз" наразыларға "Кезби" мен Ai-Bis компанияларына ауысуды ұсынып, жалақы сақталатынын айтқан. Бірақ Астанаға келген наразылар "Кезби" мен Ai-Bis жақсы жалақы беретініне сенбейді.

– Бізге әлеуметтік пакеті бар тұрақты жұмыс орны керек, себебі тоғыз айдан кейін тағы тендер ойнатылады. Тоғыз айдан соң тағы басқа мекемеге ауыс дейді, біз анда-мында ауысқымыз келмейді, бізге тұрақты жұмыс істейтін орын керек, – деді наразылардың бірі Азаттыққа.

Кеше, 10 сәуірде Маңғыстау облысынан 80-нен астам адам Астанаға арнайы жетіп, энергетика министрлігі кеңсесі алдында қонып шыққан. Бұрын "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген олар таяуда жұмыстан қысқарып қалған. Себебі "ҚазМұнайГаз" ұйымдастырған тендерде "БерӘлі Маңғыстау Company" жеңіліп, "Кезби" және "Ai-Bis" компаниялары жеңген.

Астанаға келген жаңаөзендіктер мәселе шешілгенше Астанада қала береміз деп отыр.

Ал жаңадан тағайындалған энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл ұйымдасқан пикет деп есептейді.

– Адамдар көрпе-төсек пен шатыр алып келген. Олардың негізгі мақсаты – өзіне назар аударту. Жергілікті әкімдік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясы не істегенін білмейсіздер ғой. Оларға балама жұмыс ұсынған. Біз өз мүддесі үшін осы азаматтарды пайдаланып, тендер конкурсының заңды нәтижесіне қарсы шыққан жеке компания басшылары емес, қарапайым адамдар туралы айтып отырмыз. Ал қарапайым азаматтар мүддесін біз мейлінше қорғадық. [Наразыларға] алдыңғысынан кем түспейтін ұсыныс айтылды. Бірақ көбі одан бас тартты. Ақыры энергетика министрлігі алдына пикетке шығу туралы шешімге келген. Келіссөз болады, – деді министр бүгін, 11 сәуірде журналистерге.

Қазақстанның батысында мұнайшылар жұмыс беруді, жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр.

Батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG