Accessibility links

Жұмыс сұраған мұнайшыларды полиция алып кетті. Жаңаөзен халқы оларды дереу босатуды талап етті


Жаңаөзендіктер ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

Астанада полиция үкіметтен тұрақты жұмыс беруді талап еткен мұнайшыларды күштеп алып кетті, Жаңаөзен халқы билікке ұсталғандар дереу босатылын деген талап қойды. 11 сәуір, 2023 жыл.

Астанада энергетика министрлігіне келіп, тұрақты жұмыс беруді талап еткен жаңаөзендік мұнайшыларды 11 сәуір күні кешкісін полицияның арнайы жасағы күштеп автобусқа тиеп, алып кетті. Бұдан кейін Маңғыстауда оларға қолдау білдірген адамдар билікке үндеу жасап, ұсталғандарды дереу босатуды талап етті.

БИЛІК НАРАЗЫЛАРДЫ КҮШТЕП ТАРАТУДЫ ҰЙҒАРДЫ

Сейсенбі, 11 сәуір күні энергетика министрлігінің алдына түнеп шыққан наразы мұнайшылармен "ҚазМұнайГаз" өкілдері кездескен, бірақ екі жақ мәмілеге келе алмаған еді. Жаңаөзендіктер тұрақты жұмыс беру туралы талабы орындалмайынша тұрған жерінен тарамайтынын мәлімдеген.

10 сәуірде Маңғыстау облысынан 80-нен астам адам Астанаға өздеріне мұнай компаниясынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп келген еді. Оларға министрліктен ешкім шықпаған.

"ҚазМұнайгаз" бен "Өзенмұнайгазға" қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген бұл адамдар таяуда жұмыстан қысқарып қалған. Себебі "ҚазМұнайГаз" ұйымдастырған тендерде "БерӘлі Маңғыстау Company" жеңіліп, "Кезби" және Ai-Bis компаниялары жеңген.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы наразыларға жалақысын сақтай отырып, Кезби" және Ai-Bis компанияларынан жұмыс ұсынған. Алайда наразылар бұл ұсынысқа келіспей, "тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек" деген талап қойған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанаға үкіметке талабын жеткізуге келген жаңаөзендіктердің әрекетін "ұйымдасқан пикет" деп атады. 11 сәуір, 2023 жыл
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанаға үкіметке талабын жеткізуге келген жаңаөзендіктердің әрекетін "ұйымдасқан пикет" деп атады. 11 сәуір, 2023 жыл

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанаға үкіметке талабын жеткізуге келген жаңаөзендіктердің әрекетін "ұйымдасқан пикет" деп есептейді.

– Олардың негізгі мақсаты – өзіне назар аударту. Жергілікті әкімдік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясы не істегенін білмейсіздер ғой. Оларға балама жұмыс ұсынған. Біз өз мүддесі үшін осы азаматтарды пайдаланып, тендер конкурсының заңды нәтижесіне қарсы шыққан жеке компания басшылары емес, қарапайым адамдар туралы айтып отырмыз. Ал қарапайым азаматтар мүддесін біз мейлінше қорғадық. [Наразыларға] алдыңғысынан кем түспейтін ұсыныс айтылды. Бірақ көбі одан бас тартты. Ақыры энергетика министрлігі алдына пикетке шығу туралы шешімге келген. Келіссөз болады, – деді министр сейсенбіде үкімет отырысынан соң журналистерге.

Кешкі сағат 7-нің шамасында әуелі Астананың жергілікті билік өкілдері наразыларға бұл тұрысы әкімшілік заңға қайшы әрекет екенін ескертіп, дереу тарауын талап еткен. Мұнайшылар өздері көтерген мәселені үкімет шешпейінше тарамайтынын қайталады. Көп ұзамай полицияның арнайы жасағы наразыларды автобусқа күштеп салып, министрліктің алдынан алып кетті. Сейсенбінің кешінде полиция наразыларды жаппай ұстар алдында мешітке кеткен тоғыз мұнайшы биліктің қолына түспей қалғаны кейін белгілі болды.

Полиция әкетерден сәл бұрын министрлік алдында тұрған жаңаөзендік мұнайшыларға мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи, Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов барған еді. Наразылардың бірі депутаттарға "Жаңаөзенге келіп, ауылды аралаңдар, шіріп жатыр" деп, ол жақтағы халықтың жағдайы нашар екенін айтқан. Зайытов наразыларға "мәселе кабинетте шешіледі, бірақ бұл жерде тұрғаны процесті жылдамдатады" деген.

Билік күштері сейсенбінің кешінде министрлік маңынан жаппай ұстағандардың арасында оқиғаны суретке түсіріп жүрген "Власть" басылымының фототілшісі Жанар Кәрімова да болды. Айтуынша, үстінде "Пресса" деген жазуы бар арнайы киімі мен журналистік құжаты барына қарамастан, полицейлер оны көлікке күштеп салған.

"Олар "Камераны алыңдар" деп айқайлады. Камерамды алып, қашып кетпекші болып едім, ұстап алды. Қолымнан жұлып алуға тырысты. Отыра қалып, камераны бермеуге бекіндім, мені сол күйі көтеріп алып, автозакқа салды. Ішінде 10 митингші болды. Бізбен бірге "ҚазМұнайГаз" күзетшісін де [таяу жерде "ҚазМұнайГаз" ғимараты тұр] ұстады" деді фотожурналист.

Полиция Кәрімованы бір сағатқа жуық ұстап, босатқан. "Мұнайшыларды] қалай рәсімдегенін көрмеуім үшін мені көп ұстамады" деп есептейді тілші.

Полиция энергетика министрлігі алдынан ұстап әкеткен жаңаөзендік мұнайшыларды Астанадағы полиция басқармаларына жеткізген.

Азаттық тілшісі ұсталғандардың 20 шақтысы Алматы аудандық полиция басқармасында отыр деген ақпаратты тексеруге тырысты. Алайда полиция басқармасының қызметкерлері қандай да бір дерек беруден бас тартты. Астанадағы Алматы, Сарыарқа аудандық полиция басқармаларына ондаған белсенді барды. Еріктілер полиция мекемесінде отырған жаңаөзендіктерге тамақ апарғанын, бірақ полиция бергізбей жатқанын айтты.

"РҰҚСАТСЫЗ МИТИНГ ӨТКІЗГЕН"

Сейсенбі күні сағат 22.00 шамасында Астана полициясы "кешеден бері рұқсатсыз митинг ұйымдастырған және белсене қатысқан" бір топ адам ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Онда әлгі адамдардың "іс-әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға берілетіні" жазылған.

Полицияның мәлімдеуінше, ұсталған адамдар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің "бейбіт жиын туралы заңды бұзу" және "билік өкілінің заңды бұйрығына я талабына бағынбау" баптары бойынша жауапқа тартылмақ.

Әкімшілік заңда әлгі баптар бойынша айыпты деп танылған адамға ескерту беру немесе 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу болмаса 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Заңгер Әлібек Алмабаев Астанаға әлеуметтік мәселемен, яғни үкіметтен жұмыс беруді сұрап келген жаңаөзендік мұнайшыларға билік негізсіз айып тағып, конституциялық құқығына қол сұқты деп есептейді.

"ДЕРЕУ БОСАТЫҢДАР!" МАҢҒЫСТАУДАҒЫ РЕАКЦИЯ

Астанада үкіметтен тұрақты жұмыс беруді талап етіп барған жаңаөзендік мұнайшыларды полиция күштеп әкеткені туралы хабар жетісімен Маңғыстау облысында оларға қолдау білдірген адамдар билікке видеоүндеу жасады.

Жаңаөзен мен облыс орталығы Ақтау қаласында жүздеген адам орталық алаңға жиналды, өңірде мұнай-газ саласында қызмет көрсететін бірнеше кәсіпорынның жұмысшылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Астанада ұсталған мұнайшыларды қудалауды доғарып, дереу босатуды талап етті. "Егер бұл талабымыз орындалмаса, түгелдей жұмысты тоқтатамыз" деп ескертті мұнайшылар. Оларға шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары да үн қосты.

Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына шыққан жергілікті тұрғын Ерік Жұмабаев сағат 22.00 шамасында Азаттыққа телефонмен хабарласып:

– Бұл жерде мыңның үстінде адам тұр. Жергілікті әкімдіктен ешкім келген жоқ. Жаңаөзен полиция басқармасының басшысы Бекбол Қорғанбаев келгенімен, жұрт оны қуып жіберді. Халық ұсталғандарды босатуды, жұмыс мәселесін шешуді талап етіп тұр. Бұл маңда интернет өшкен. Қазір мына маңайда арнайы жасақ жоқ, бірақ полиция көліктері ары-бері өтіп жүр, – деді.

Сейсенбінің кешінде Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында да 20 шақты адам Астанада ұсталған жаңаөзендік мұнайшыларды босатуды талап етіп жиналған. Біраздан кейін тарап кеткен.

Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов қала көшесіне шыққан тұрғындарға видеоүндеу жариялады.

"Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, [Астанада ұсталған] жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заң аясында әкімшілік шаралар қабылданады" деді әкім.

Қосуақов Астанада "наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөз жүргізілгенін, тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайы мен жалақыны сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылғанын, бірақ ұсыныс қабылданбағанын" айтты.

Әкім халықты Рамазан айында сабырлы болуға шақырып, заңсыз іс-әрекетке бармауды өтінді.

"КӨБІМІЗ ҮЙГЕ ҚАЙТАМЫЗ, СІЗДЕР ДЕ ТАРАҢЫЗДАР". ПОЛИЦИЯ ӘКЕТКЕН ЕКІ МҰНАЙШЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Сейсенбінің кешінде Астанада наразылық білдіріп жатқан жерінен полиция күштеп әкеткен жаңаөзендік мұнайшылардың екеуінің видеоүндеуі сәуірдің 12-сіне ауған түні әлеуметтік желіде тарады.

Мұнай саласында қызмет көрсетумен айналысқан "БерӘлі Маңғыстау" компаниясының бұрынғы жұмысшылары Жолмұрат Лұқпан мен Нұрсұлтан Нұрымұлы "көбіміз бүгін пойызбен, кейбіріміз ертең ұшақпен Маңғыстауға қайтатын болдық" деп хабарлады.

Олардың сөзінше, Астанада мұнайшылардан бес адам қалып, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен және энергетика министрлігімен келіссөз жүргізіп, келісімшартты талқылаймыз деп келіскен. "Бүкіл қазақ еліне рақмет, енді сіздер де заңсыз әрекетке бармай, тараңыздар" деді олар.

Лұқпан мәлімдемесін полиция мекемесінде отырып жасаған. Ал Нұрымұлы полиция бөлімшесінен шыққанын мәлімдеді.

ҰСТАЛҒАНДАР ҚАЙДА? ПОЛИЦИЯ ҮНСІЗ

Астанада ұсталған жаңаөзендік мұнайшылардың барлығын 12 сәуірде түнгі сағат бірдің кезінде Алматы полиция басқармасына алып келді. Сейсенбінің кешінде "мешітке кетіп", полицияның құрығынан аман қалған тоғыз мұнайшыны да осы бөлімшеге жіберген. Олардың барлығын осы жерден Жаңаөзенге жолға салуы мүмкін деген болжам бар.

Алматы аудандық полиция басқармасына жиналған белсенділер әлі тараған жоқ. Олар ұсталған мұнайшылардың жағдайын білгісі келеді. Әзірше полиция мекемесінде қалып қойған жаңаөзендіктердің өздерімен тілдесу мүмкін болмай отыр.

Сағат 1.00 шамасында Азаттыққа келген видеодан Жаңаөзенде алаңға жиналған жұрт толық тарамағаны көрінеді. Олар биліктен Астанада ұсталған мұнайшыларды босатуды әрі олардың талаптарын орындауды, Жаңаөзендегі жұмыс мәселесін шешуді талап етеді.

Жергілікті белсенді Күнсұлу Әйтешова Жаңаөзенде алаңда тұрғандарға "төңіректі ластамай, темекі тұқылын тастамай, таза ұстайық" деп тұрғаны естіледі. Дыбыс зорайтқыш ұстап алған ол биліктен алаңда интернет байланысын қосуды талап етті. "Астанадағы балалардан хабар ала алмай отырмыз" деді Әйтешова.

Қазақстанның батыс өңірлерінде бұған дейін бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.

ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР МЕН АР-ОЖДАН ҮШІН КҮРЕСТІҢ СИМВОЛЫ

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Facebook-тегі парақшасына Жаңаөзен мұнайшыларының талабы мен оған биліктің берген жауабы хақында мынадай пікір жариялады:

"Авторитар билік мәселені жергілікті деңгейде шешуге шанс қалдырмаған соң, жаңаөзендіктер Астанаға келді. Бейбіт наразылық танытып, энергетика министрлігінің алдында түнеп шықты. Тең диалогті күтті. Ал Тоқаев режимі күшпен жауап берді. Жаңаөзендіктер жерлестеріне жаппай қолдау көрсете бастағанда, режим Жаңаөзенде интернетті өшірді. Арты немен аяқталатыны белгісіз… Жаңаөзен – тек мұнайшылардың қаласы емес. Жаңаөзен қазақстандықтардың лайықты өмір мен ар-ождан үшін күресінің символына айналғалы қашан. Оны Ақорда жақсы біледі. Осы жолы әдеттегідей Астана Жаңаөзенге бармады. Ал Жаңаөзен Астанаға келді. Енді Ақорда аймақта уақытша жұмыс орындарын ашып, Ұлттық қордан ақша құйып, мәселені жылы жауып қою мүмкін емес екенін ашық мойындап, нақты іс-әрекетке көшуге тиіс".

Маңғыстау облысындағы 740 мың адамның бестен бірі Жаңаөзенде тұрады. Құрылғанына 60 жыл толған бұл моноқалада ел тарихындағы елеулі деген үш наразылық өтті. 1989 жылғы ұлтаралық қақтығыс, 2011 жылғы 16-17 желтоқсандағы қантөгісті (ресми дерек бойынша, 17 адам мерт болды) басынан өткерген Жаңаөзен былтыр кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасын да бастап берген.

Облыс орталығы Ақтаудан 150 шақырым қашықтағы Жаңаөзенде 82 мыңға жуық адам тұрса, маңайындағы ауылдарды қоса алғанда, аумақта 158 мыңнан астам адам бар. Кейінгі бес жылда Жаңаөзен халқы осы ауылдар есебінен 10 мың адамға артқан.

Жылдар бойы шешілмей келген әлеуметтік проблемалары шаш-етектен Жаңаөзен қаласы Қазақстан билігі үшін дағдарыс бұлағына айналған. 2011 жылғы желтоқсандағы қантөгістен кейін билік моноқаладағы халықтың мәселесін түбегейлі шешеді деген үміт болған еді. Бірақ арада 10 жыл өткенде осы қаладан бастау алған әлеуметтік наразылық бүкіл елге тарап, Қаңтар оқиғасына ұласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG