Accessibility links

Қаңтар оқиғасынан кейін жұрт алдына шықпай кеткен экс-премьер Асқар Мамин хоккейшілерді марапаттау рәсімінен көрінді


Экс-премьер Асқар Мамин (оң жақта) Ташкенттегі хоккей чемпионатының жабылу рәсімінде. Фото Рro.ligasy.kz сайтынан алынған
Экс-премьер Асқар Мамин (оң жақта) Ташкенттегі хоккей чемпионатының жабылу рәсімінде. Фото Рro.ligasy.kz сайтынан алынған

Қаңтар оқиғасынан кейін жұрт алдына шықпай кеткен экс-премьер Асқар Мамин Ташкенттегі хоккейшілерді марапаттау рәсімінен көрінді. Оның суретін Parimatch-Pro Hokei Ligasy сайты жариялады.

Суретте Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті ретінде астаналық "Номад" клубының ойыншыларын марапаттап тұрғаны көрінеді. Жанында өзбек әріптесі Бахтиёр Фазылов тұр.

Асқар Мамин 2019 жылғы ақпаннан Қаңтар оқиғасына дейін премьер-министр болған. 2022 жылы қаңтарда елдің батысында газдың қымбаттауына байланысты басталған наразылық тұтас елге жайылған. Кейбір қалаларда наразылық тәртіпсіздікпен аяқталып, күш құрылымдары оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза болды. Сол кезде Асқар Мамин үкіметі отставкаға жіберілді.

Қаңтар оқиғасынан кейін кей бақылаушылар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен айналасындағылардың ықпалы әлсірегенін айтқан.

Бұған дейін Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек те көрінбей кеткен. Жуырда немістің Lübecker Nachrichten басылымы Байбектің Германияның Любек қаласындағы музыка мектебінде бірнеше адаммен түскен суретін жариялаған. Сурет сипаттамасында "мүсінші мен танымал пианист Эвелинда Тренкнер мүсінінің демеушісі" деп жазылып тұр.

XS
SM
MD
LG