Accessibility links

ҰҚК Украинадағы соғысқа қатысқан 10 адамның ісін тергеп жатыр


Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Украинадағы соғысқа қатысқан 10 қазақстандықтың ісін тергеп жатыр. Бұл жөнінде ҰҚК-ның ресми жауабына сүйенген "Курсив" басылымы жазды.

ҰҚК ресми жауабында тергеліп жатқан адамдар туралы мәлімет бермеген. Комитет 2022 жылғы 24 ақпаннан кейін қанша Қазақстан азаматы Украинаға кеткені туралы сұраққа да жауап бермеген.

Сәуір айында Al Jazeera-ға берген сұхбатында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қақтығысқа қатысып жатқан қазақтар туралы сұраққа "Кейбір оқиғаларды естідім... Шетелдегі соғысқа қатысу заңға қайшы" деп жауап берген еді.

Ол сұхбатта Қазақстан Украинаның Ресей аннексиялап алған аумақтарын мойындамайтынын мәлімдеген.

Дегенмен вице-министр Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанатынын, "Ресей, Қытай, Батыспен жақсы қатынас" орнататынын атап өткен.

Бұған дейін Украинадағы соғыста ресейліктер жағында да, украин жағында да қазақтар соғысып жүргені туралы хабар болған. Алайда олардың саны туралы мәлімет жоқ.

Наурызда Семейде ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскери тобының қатарында Украинадағы соғысқа қатысқан тағы бір қазақстандық жерленген. Ақпанда Азаттық Ресей үшін соғысуға кетіп, майданда қаза тапқан қарағандылық екі азамат туралы жазған. Туыстары олардың ерікті түрде соғысқа баруын "ақша табу үшін және идеологиялық көзқарасына байланысты" деп түсіндіреді.

Былтыр ресейлік компаниялар орыс әскері басып алған Украинаның Мариуполь қаласын қалпына келтіру үшін Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстаннан да жұмысшыларды тартып жатқаны белгілі болған. ​

Ресейге тәуелді Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Бірақ Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын айтқан. БҰҰ-да Ресей басқыншылығын айыптаған қарарларға дауыс беру кезінде Қазақстан көп жағдайда қалыс қалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG