Иран 2020 жылы қаңтарда Украинаның жолаушылар ұшағын атып түсірген 10 әскери қызметкерін соттады. Ислам революциясы сақшылары корпусына қарайтын әуе қорғанысы күштері 2020 жылы 8 қаңтарда Тегераннан Киевке ұшып шыққан "Украина әуе желісі" ұшағын қателесіп атып түсірген. Борттағы 176 түгел өлген.
Үкім туралы жексенбіде Иран сотының Mizan Online сайты хабарлады. Бұл ақпаратқа қарағанда, бөлім командирі 10 жылға, қарамағындағылар бір жылдан үш жылға дейін сотталған. Сот "командир жағдайды дұрыс бағаламаған, жаудың ұшағы деген ойда болған" дейтін қорытындыға келген.
2020 жылы Иран билігі өзінің әуе қорғаныс күші халықаралық жағдай шиеленісіп тұрған кезде Украина ұшағын қателесіп атып алғанын салыстырмалы түрде жылдам мойындаған.
Бұл апаттан бірер күн бұрын ғана АҚШ арнаулы операциясымен Бағдадта Иран генералы Қасым Сүлейманиді өлтірген, ал Иран әскері Ирактағы АҚШ әскери базасын атқылаған. Тегеран "АҚШ Иранға соққы жасауы мүмкін" деген болжам жасап, әскери-әуе қорғанысы жоғары дайындыққа келтірілген.
Ұшақта өлгендердің көпшілігі – Иран мен Канада азаматтары. Украинаның да 11 азаматы болған. Иран билігі өлген әрбір адам үшін 150 мың доллар өтемақы төлеуді ұсынған, бірақ оған бәрі бірдей келісе қоймаған еді.
ПІКІРЛЕР