Accessibility links

Ақтөбеде апелляция "Аманат" дауыс ұрлады" деп пикетке шыққан белсендінің шағымын қанағаттандырмады


Фархад Ғазиз сайлау нәтижесіне қарсы пикетке шыққан сәт. Ақтөбе, 24 наурыз, 2023 жыл.
Фархад Ғазиз сайлау нәтижесіне қарсы пикетке шыққан сәт. Ақтөбе, 24 наурыз, 2023 жыл.

18 сәуірде "Аманат" партиясын "сайлау кезінде дауыс ұрлады" деп айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізген Фархад Ғазиздің шағымын Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы қанағаттандырмады.

25 наурызда Ақтөбенің әкімшілік соты Ғазизді "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыптап, 172,5 мың теңге (50 АЕК) айыппұл салған. Ол 24 наурызда халықаралық қауымдастықты Қазақстандағы сайлауды заңсыз деп тануға үндеп, "Аманат" партиясының Ақтөбедегі ғимараты алдында пикет өткізген еді. Белсендінің қолында "Аманат – Ұры Отан" сайлауда тек қана дауыс ұрлауды біледі" деп жазылған плакаты болды.

Белсенді әкімшілік соттың қаулысына келіспей, апелляция алқасына шағымданған.

Бүгін, 18 сәуірде өткен онлайн сотқа Фархад Ғазиз Ақтөбедегі пәтерінде отырып қатысты. Оның адвокаты Жанболат Құлжанов "Фархад Ғазиз пикет кезінде қоғамдық тәртіпті бұзбады. Өзге азаматтардың құқығы мен мүддесіне ешқандай залал келтірген жоқ. Азаматтық позициясын бейбіт түрде жеткізу – заңбұзушылық емес" деді.

Тараптарды тыңдаған судья Нұрлыбек Ормаханов бірінші инстанция қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы шығарды. Фархад Ғазиз сот қаулысына риза емес.

– Мен жалғыз адамдық пикет өткізіп, бар болғаны өз пікірімді айттым. Қазақстан Конституциясы менің еркін пікір айтуыма кепілдік береді. Сондықтан заң бұздым деп есептемеймін. Бүгінгі сот қаулысына да келіспеймін, – дейді Фархад Ғазиз.

24 наурызда пикет кезінде белсендіге "Аманаттың" өкілдері, Ақтөбе әкімдігі мен прокуратура қызметкерлері келіп, әрекеті заңсыз екенін, пикет өткізу үшін рұқсат алу қажет екенін айтумен болған. Партия ғимаратына, әкімдікке барып әңгімелесуді ұсынған. Полицейлер "плакатыңызды жинаңыз, заңды талабымызға бағынбау әкімшілік жазаға әкеліп соқтыруы мүмкін" деп ескерткен. Кейін полиция оны ұстап әкетіп, бөлімшеге апарған.

Фархад Ғазиз жалғыз адамдық пикет өткізетінін әкімдікке алдын ала хабарламаған (Қазақстанда бейбіт митинг өткізу үшін әкімдікке алдын ала ескертіп, рұқсат алу керек). Белсенді "Қазақстан азаматы ретінде өз пікірімді білдіруге құқығым бар. Ешбір заң Конституциядан жоғары емес" деп есептейді.

50 жастағы Фархад Ғазиз Ақтөбедегі наразылық жиындарына жиі қатысады. Ол бұрын бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG