Ақтөбеде 340 адам "Бақытты отбасы" бағдарламасымен берілетін пәтерін ала алмай жүр. Әкімдік мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлердің ауласы әлі абаттандырылып болмағанын айтады. Сөйте тұра, ол жерге тұруға мүлдем жарамсыз үйлерден 48 отбасын көшірген. Мұны естіген 20 шақты әйел сәрсенбі күні Ақтөбе әкімдігіне барып, шағымдарын айтты.
"Бақытты отбасы" бағдарламасына көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедектігі бар бала бағып отырғандар арасынан жалпы саны 340 отбасы іріктелген. Көпбалалы Жанар Нәрікбаева – іріктеуден өткендердің бірі.
– Әкімдік "Бақытты отбасы" бағдарламасымен небәрі 114 пәтер берілетінін айтты. Оның жартысына жуығын бірер күндікте тұруға жарамсыз үйлердің адамдарына беріп қойған. Бізге нақты жауап берсін! Қашан конкурс ойнатылады? Неше пәтер ойнатылады? Неше адам өтеді? Қалған адамды, өтпей қалғандарды не істейді? Көріп отырсыздар ғой, қаншама адам. Біреуі квартира жалдап отыр, біреуі туысқанының үйінде отыр, – дейді Жанар Нәрікбаева.
Жеті баланың анасы Гүлмира Ұзақова да бар үміті мемлекеттік бағдарламада екенін айтады. Іріктеуден өткен отбасы әзірше біреудің саяжайын жалдап тұрып жатыр.
Сөздеріне қарағанда, бұл мемлекеттік бағдарламамен берілетін пәтерден үмітті ақтөбеліктердің әкімдікке бірінші рет келуі емес. 2022 жылғы желтоқсанда облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қабылдауында болған тұрғындар мәселе әлі күнге шешілмегеніне наразы.
– Қалалық әкімдікке барсам, "ЖКХ" біледі" дейді. "ЖКХ-ға" барсам, "Отбасы банк" біледі дейді. Оған келсек, облыс әкімі шешеді, әкім қол қояды, сосын барып аласыздар дейді. Екі ортада футбол добына айналдық, – дейді көпбалалы ана Гүлдана Ысқақова.
Құжаттарын өткізіп қойып, бір жылдан бері пәтерге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындарға сәрсенбі күні қала әкімдігінің өкілі Жандос Әлімов жолықты. Оның айтуынша, 114 пәтер дайын тұр. Бірақ көпқабатты тұрғын үйдің ауласы әлі абаттандырылмаған. Пәтер кілті жұмыс толық аяқталған соң, байқау негізінде тапсырылады. Ал құлағалы тұрған үйлерден 48 отбасы бұл жерге уақытша көшірілген.
– Бұл үйлер – жергілікті атқарушы органның үйлері. Әкімдік өз жағдайына қарай бұл үйлердің тағдырын шешеді. Сондықтан бұл кісілерді мына үйдің иесі деп айта алмаймыз. Бұл кісілерге әлі конкурс бар. Екінші кезең бар. Яғни пәтерді таңдау кезеңі бар. Соған дейін апаттың алдын алу үшін жергілікті атқарушы орган 48 пәтерге апаттық жағдайдағы үй тұрғындарын уақытша көшірді, – Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Әлімов.
Әкімдіктің мәліметінше, Ақтөбе қаласында 30 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Былтыр әлеуметтік осал топқа кіретін бірде-бір тұрғынға баспана кілті берілмеген.
ПІКІРЛЕР