Accessibility links

Үкімет мүшелері активтерді қайтару жөнінде: 670 млрд теңге қайтарылды, заң жобасы бизнес өкілдерімен талқыланып жатыр


Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 20 сәуір, 2023 жыл.
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 20 сәуір, 2023 жыл.

20 сәуірде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысына қатысты айтылған сынға жауап берді. Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары бір күн бұрынғы мәлімдемесінде активтерді елге қайтару процесі ашық жүргізілмей отырғанын, процесс құпияланғанын жазған.

– Бұл ақпарат ашық... Бұл ақпаратты бізде Бас прокуратура беріп отырады. Сондықтан Бас прокуратура деректері баспасөз құралдарына шығып жатыр. Егер қателеспесем, қазіргі күнге дейін 670 млрд теңгеге дейін қайтарылды, – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары осы аптадағы мәлімдемесінде активтерді елге қайтару туралы заң жобасын парламентке енгізу кешігіп жатқанын да алға тартқан еді. Бейсенбі күні Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген әділет министрі Азамат Есқараев заң жобасы парламентке енгізілуі кешігіп жатқанын растады.

– Заң жобасы әзірге дайындық сатысында. Біраз жұмыс бітпеген. [Сол себепті] осы мерзімді созу туралы мәселені көтеруге мәжбүр болдық. Әлі жан-жақты қарастырылып жатыр. Техникалық сұрақтар бар. Мемлекеттік органдар арасында келісу жұмыстары жүріп жатыр, – деді ол.

Шенеуніктердің айтуынша, құжат қазір бизнес өкілдерімен, үкімет мүшелерімен бірге талқыланып жатыр.

Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары бір күн бұрынғы мәлімдемесінде активтерді қайтару процесі құпия бола берсе, олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында "тиісуге болмайтын" адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, "заңмен құқығы мүлде шектелмеген" көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал деген қауіп айтқан.

Мәлімдеме авторлары Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған "елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару" комиссиясының қоғамға есеп бермейтініне және елден активтерді қайтару процесі құпияланғанына назар аударған.

"Жер телімі сияқты ұсақ мүлікті қайтару – тұтас экономика масштабында едәуір жетістіктің көрінісі емес, себебі бұл жерде әңгіме тек Қазақстандағы жалпы ішкі өніммен салыстыруға келетін активтер жөнінде болуы керек" деді мәлімдеме авторлары.

Tax justice network ұйымының мәліметінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорға шамамен 140–160 млрд доллар шығарылған. Кей сарапшылар заңсыз шығарылған ақша көлемі бұдан едәуір көп болуы мүмкін деп болжайды.

Transparency Kazakhstan сарапшылары активтерді елге қайтару процесінде ашықтық болмағаны Қазақстанның Жемқорлықты қабылдау индексіндегі рейтингісін нашарлатып жіберуі мүмкін дейді. 2022 жылы Қазақстанның рейтингідегі көрсеткіші нашарлап, 36 балл болған. Ол жемқорлық жайлаған елдер қатарында тұр.

XS
SM
MD
LG