21 сәуірде 40 жасқа қараған шағында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой қайтыс болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Горьковой "жүрек ауруынан қайтыс болғанын" хабарлады.
Дмитрий Горьковой былтыр жылу орталығындағы апатқа байланысты мыңдаған халқы қақаған қыста жылусыз қалған Риддер қаласын 2020 жылғы қыркүйектен бері басқарған. Оған дейін 2015-2020 жылдары Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары болған. Еңбек жолын туған жері Шемонаиха ауданының қаржы полициясынан бастаған.
Былтыр жылыту маусымының басында Риддер жылу электр орталығында авария болып, 22 мыңнан астам отбасы үйінде тоңып шықты. Қалада содан бері екі рет техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Екінші рет енгізілген төтенше жағдай режимі әлі күшінде. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, ЖЭО қысқы маусымда 67 рет апат жағдайында ажыратылған. Қаңтарда жекеменшік станцияның иесі ауысты. Бірақ облыс әкімі жаңа инвесторды да "ештеңе істемеді" деп сынады. Ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында станцияны коммуналдық меншікке сатып алғысы келетінін, оған үкіметтен 8 млрд теңге қажет екенін айтты.
ПІКІРЛЕР