Accessibility links

Ресей азаматтары әскерден қалай қашады, оларға кім көмектесіп жүр?


Грузия шекарасынан өтіп бара жатқан ресейліктер.
Грузия шекарасынан өтіп бара жатқан ресейліктер.

Грузияда тұратын соғысқа қарсы эмигранттар тобы Ресей азаматтарына әскерден қашуға көмектесіп жатыр. Мәскеу әскерге шақыру тәртібін қатаңдатқаннан кейін ұйым көмегіне мыңдаған адам жүгінген.

Олар әскери қызметтен құтылудың заңды-заңсыз жолын тауып, Украинадағы соғысқа барғысы келмейтін мыңдаған адамға кеңес береді.

Грузияда тіркелген "Иди лесом" үкіметтік емес ұйымы жас ресейліктерді әскерден алып қалу үшін Кремльдің шамына тиетін, батыл науқан бастаған.

"Көмек сұрағандарға дезертир (әскери міндетін орындаудан бас тартып не соғыстан қашқан адам) болуға көмектестік" дейді бұл ісін ерекше мақтанышпен жеткізген топ мүшелері. Ұйымның "Иди лесом" деп аталуына екі себеп бар: біріншісі жұмыстың құпия сипатын білдіреді, екіншісі Совет Одағында танымал болған "Көзіңді құрт" деген тұрақты тіркеспен байланысты.

Өткен аптада "Иди лесом" өкілдері әскерге шақыру тәртібі қатаңдайды деген сыбыстан соң ұйымға өте көп өтініш түскенін хабарлады.

Былтыр қыркүйекте Владимир Путин "ішінара мобилизация" жариялаған кезде 300 мыңға жуық ресейлік шетелге кеткен.

Олардың көбі көршілес Грузияны паналады. Соғыстан қашқан мигранттар арасында "Иди лесом" ұйымының негізін қалаушы, бұрын үйсіз қалған адамдарға көмек берумен айналысқан белсенді Григорий Свердлин де бар.

Григорий Свердлин
Григорий Свердлин

Жарты жыл бұрын ғана құрылған ұйым аз уақыт ішінде 6800 азаматқа көмектесіп үлгерген, 5100 адамды соғыстан алып қалған.

Ұйымның мақсаты – Украинадағы соғыста шүріппені басып, адам өлтіретін жауынгер санын мейлінше азайту.

Григорий Свердлин мен соғысқа қарсы тағы бір азамат Дарья Берг "Иди лесом" ұйымының негізін қалаған.

Азаматтарды әскерден алып қалуға шетелде тұратын жүздеген ерікті көмектеседі. Ұйым қызметкерлерінің нақты саны белгісіз. Өтініш берген азаматтарға құқықтық-психологиялық кеңес беріледі, соғысқа бармаудың не әскерден босаудың жолдары түсіндіріледі. Қауіпсіздік мақсатында еріктілердің аты-жөні жария етілмейді.

Өткен аптада Путин әскерге шақыруды жеңілдететін заңға қол қойды. Осы хабардан кейін "Иди лесом" ұйымына үш күн ішінде 2 мыңға жуық өтініш түскен.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жылдан асты. Сарапшылар соғыс ұзаққа созылады деп болжап отыр. Осы тұста Кремль азаматтардың Отан алдындағы әскери борышын өтеу тәртібін қатаңдату туралы заң қабылдап жатыр.

Жаңа заңға сәйкес, әскер жасындағы азаматтардың электрон реестрі жасалады. Әскерге шақырту мемлекеттік электрон қызметтер порталына келеді. Шақырту алған азаматтарға елден шығуға тыйым салынады.

"Иди лесом" ұйымы азаматтарға нақты қандай көмек түрлерін ұсынатынын айтудан бас тартты. Құқықтық көмекке тұрғылықты мекенжайын өзгерту немесе Ресейден паналайтын жер тауып қою сияқты кеңестер кіреді. Ұйым қолдаушылардан жиналған қаржы есебінен жұмыс істейді. Еріктілер өтініш берген азаматтармен Telegram және Instagram желілері арқылы сөйлеседі.

Свердлин соғыс басталғаннан кейін бірнеше аптадан соң 2022 жылы наурызда Ресейден көшіп кеткен. Бұрын ол Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында үйсіз қалған адамдарға уақытша баспана ұсынатын "Ночлежка" ұйымын басқарған.

Былтыр күзде Путин мобилизация жариялап, халық арасынан әскер жинай бастағанда Григорий соғысқа барғысы келмейтін азаматтарға көмектесу үшін "Иди лесом" ұйымын құрған. Ол өз бастамасын қолдаушылар көп болады деп күтпеген. "Таңертең жобаға көмектесуге ниет білдірген 100 ерікті болса, кешке қарай олардың саны 350-ге жетіп қалды" дейді ол.

Мобилизациядан қашқан азаматтар жаппай ағылған Қазақстан, Түркия, Аргентина сияқты мемлекеттер ресейліктерге тұрғылықты мекенжай анықтамасын беру ережесін қатаңдатып, елге визасыз кіру мүмкіндігін шектей бастады.

Бірақ Грузия әлі де Ресеймен қатынасын үзуге асығар емес. 2008 жылы Мәскеу Грузия жерінің бестен бір бөлігін басып алған. Соған қарамастан, Грузия үкіметі Ресейге салынған санкцияларды бұзып, Мәскеумен сауда-экономикалық байланыстарын жалғастырып отыр.

Жергілікті Jam News сайтының ақпаратына қарағанда, 2022 жылғы наурыз-қараша айларында Грузияға миллионнан астам Ресей азаматы қоныс аударған.

Грузия ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазір елде 113 мың ресейлік тұрады. Свердлиннің сөзінше, биыл Ресей мен Грузия арасындағы Земо Ларс шекара бекетінде былтырғыдай ұзын-сонар кезек болмайды.

"Ресейден кетуге ниетті адамдардың көбі шетелге кетіп үлгерді" дейді ол.

Соғысқа қарсы азаматтарға шетелге қашуға көмектесіп жүрген Свердлин алдағы уақытта Ресеймен көршілес елдерде жаңа миграция толқыны басталуы мүмкін деп топшылайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG