21 сәуірде Алматының ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Камила Сәлімбаева "КазФем" қозғалысының белсендісі әрі "Считается" жобасының негізін қалаушы Вероника Фонованың Алматы қаласының әкімдігі мен әкім Ерболат Досаевтың үстінен берген талап арызын қанағаттандырған жоқ. Алматыда 8 наурызда феминистік марш өткізуге келіспеген қала билігін сотқа берген белсенді судьядан әкімдік шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Әкімдік 8 наурызда Шевченко көшесімен шеру өткізуге "Волонтерлер лигасы" өзгелерден бұрын – 2022 жылғы 14 желтоқсанда өтініш беріп қойғанын, ал феминистерден өтініш биыл ақпанның басында түскенін айтып, феминистік шеруге келісім бермеген. Сот әкімдіктің феминистер шеруіне келісім бермегені заңды деген қаулы шығарды.
Бұған қоса, судья Сәлімбаева бейбіт жиындарды өткізуге келісім беру Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құзырына енбейтіндіктен, ол феминистердің барлық талабы бойынша "жауап беруге міндетті" тұлға емес деп ұйғарды.
Феминистік маршты ұйымдастыру комитетінің мүшесі, құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль сот аяқталғаннан кейін судьяның шешіміне келіспейтіні туралы шағым беретінін айтты.
– Егер қолдан келсе, Конституциялық сотқа, онымен бірге БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінеміз. Бейбіт жиындар туралы қазіргі шикі заңды осындай шешімдер одан сайын бұрмалап жібереді, – деді Чернобиль Азаттыққа. Ол бүгінгі отырыста соттың емес, әкімдік шешімі шықты дейді.
Сот отырысына видебайланыс арқылы онлайн қатысқан Алматы қаласы әкімдігінің өкілі судьяның шешімі хақында ештеңе айтпады.
ПІКІРЛЕР