Accessibility links

"Мемлекетке опасыздық", "билікті асыра пайдалану". Мәсімов пен орынбасарларына үкім шықты


Кәрім Мәсімовтің сотында үкім шыққан сәт. Астана қаласы соты таратқан фото.
Кәрім Мәсімовтің сотында үкім шыққан сәт. Астана қаласы соты таратқан фото.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталған ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі басшысы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына сот үкімі шықты.

СОТ ҚАНДАЙ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ?

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті 18 жылға соттады. Сот үкіміне сай, Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды.

Мәсімовке "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деген айып тағылған.

Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Осипов 3 жылға сотталды. Үшеуіне де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Садықұлов "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп; Ерғожин "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп; Осипов "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп айыпталды.

Ермұрат Бапи: Мәсімовке кінә артып, Самат Әбішті құтқарып қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Төртеуі де генерал әскери шенінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды. Соттың хабарлауынша, мемлекетке 10 миллиард теңге және 24 миллион доллар өндірілді. Сот үкімі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Бұл іс "өте құпия" түрде қаралды. Отырыстарда не айтылғаны белгісіз. Билік сот процесі кезінде ұлттық қауіпсіздікке зияны тиетін деректер айтылады деген еді. Сот процесі құпия қарала бастағанда, Мәсімовтің жақтастары мен туыстары іс заңсыз тергеліп жатқанын, айыпталушыларға қысым жасалғанын айтқан.

БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі "Мәсімовті бостандығынан жөн-жосықсыз айырғанын" айтып, Астананы істі тәуелсіз зерттеуге және Мәсімовтің құқығын бұзушыларға шара қолдануға үндеген. Жұмыс тобы "Мәсімовті шұғыл босатып, оған халықаралық құқық тәртібі бойынша өтемақы алу құқығы берілуге тиіс" деген еді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ жұмыс тобының мәлімдемесіне "біз қозғалған мәселені артық саясиландырмай, нақты фактілерді келтіре отырып талқылауға дайынбыз" деп мәлімдеген.

МӘСІМОВ ҚАЛАЙ ҰСТАЛЫП ЕДІ?

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жыл бойы сенімді серігі болған Кәрім Мәсімов былтыр 5 қаңтарда, Қаңтар қырғыны кезінде қамалған. Ол сол күні Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқан. Осы отырыста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев басқарып келген кеңес төрағалығын өз қолына алғанын және Қазақстанға "халықаралық террористік топ шабуыл жасағанын" мәлімдеген.

8 қаңтарда ҰҚК "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен Кәрім Мәсімов қамауға алынғанын, 13 қаңтарда "билікті күшпен басып алу" бабы бойынша да іс қозғалғанын хабарлаған. Кейін оның үш орынбасары да қамауға алынды. Ал Мәсімовтің бірінші орынбасары болған Самат Әбіш (Назарбаевтың немере інісі) қамалмаған еді.

Биыл 5 қаңтарда Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов Мәсімовті "Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған негізгі адамдардың бірі" деп атады.

238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынына дейін Мәсімов Қазақстандағы ықпалды адамдардың бірі болды. Ол ұлттық қауіпсіздік комитетін 2016 жылдан бері басқарып келген.

Мәсімовтің саяси карьерасы Қазақстанды Назарбаев басқарып тұрған тұста шарықтады. Қытайда білім алған ол Назарбаев командасына 90-жылдардың ортасында еніп, кейін оның биліктегі ең сенімді адамдарының біріне айналды. Кейбір саясаткерлер оны "биліктің мұрагері" ретінде де атады.

Назарбаев Мәсімовке биліктегі ең беделді қызметтерді тапсырды және ылғи өзінің маңында ұстады. Мәселен, Мәсімов – осы кезге дейін Қазақстан үкіметін ең ұзақ басқарған адам және екі рет премьер-министр болған жалғыз адам да – сол.

Былтыр қарашада Назарбаев журналистерге Мәсімов жайлы "Ол менімен көп жыл бірге жұмыс істеді. Бірақ қайдан білесің, Иса пайғамбар жанында сатқын отырғанын білді ме?" деген еді.

Дауыс беруге келген Назарбаев Кәрім Мәсімов пен Қайрат Сатыбалды ісі жөнінде айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG