Accessibility links

Сот ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы бастығын алты жылға бостандығынан айырды


Алматы қаласы Алмалы аудандық соты ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бұрынғы бастығын билікті асыра пайдаланды деп таныған. Жергілікті БАҚ әңгіме 2022 жылғы 13 қаңтарға дейін ҰҚК Алматы қалалық департаментінің бастығы болған Нұрлан Мажилов туралы деп хабарлады.

Алматы сотының Facebook-тегі парақшасында "сот үкімімен М. Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі бойынша 6 жылға соттталды, ол жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет, қаржы ұйымдарындағы басшы қызметтерді атқару құқығынан 10 жылға айырылды, ҰҚК генерал-майоры әскери шені алынды" деп жазылған.

Үкім әзірше күшіне енбеген.

ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мажилов тергеуге алынғанын былтыр, 2022 жылы ақпанда прокуратура хабарлаған, бірақ егжей-тегжейін айтпаған.

7 сәуірде Талдықорған соты осыған ұқсас айыппен ҰҚК Алматы облыстық департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиевті алты жылға бостандығынан айырған. Тергеу нұсқасына қарағанда, ол "қарамағындағы қызметкерлерге қызмет құжаттары мен құпия құжаттарды жойып, департамент ғимаратын тастап кетуге" бұйрық берген. Оның ісі жабық сотта қаралған.

Ресми мәлімет бойынша, 238 адам өлген Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі күш құрылымдарында өзгеріс жасаған. Арнаулы қызметтегі кей өзгерістер елдегі дүрбелеңнен кейін ҰҚК-ге сенбеушіліктен туған дейтін болжам айтылған. "Қызмет барысындағы әрекетсіздігі" үшін бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа 12 жыл түрме жазасы кесілген. Кеше Астана соты ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті 18 жылға, оның үш орынбасарын 3 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG