Accessibility links

60 доллар айлық және дүкендегі кезек. Түркімен режимі тапшылықты жасыру үшін субсидияны тоқтатпақ


Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен әкесінің суреті.
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен әкесінің суреті.

Түркіменстанда азық-түлікті арзан бағамен тарату жүйесі тоқтайды. Ашғабат халқы бірнеше айдан бері дүкен сөрелерінен субсидияланған азық-түлік түрлерін таба алмай отыр.

Осы айдың басында Түркіменбашы қаласындағы үкімет ғимаратына 500-ге жуық адам жиналып, азық-түлік субсидиясын тоқтату мәселесін талқылады. Олардың қатарында жаңадан сайланған кеңес мүшелері, шенеуніктер мен жергілікті тұрғындар болды.

Түркіменстанда мұндай кездесулер халықтың пікірін тыңдап, ескеру үшін емес, авторитар режимнің көпшілікке қолайсыз шешімдерін насихаттау үшін өтеді.

Халық арасынан мектепте күзетші болып істейтін кісі сөйлеп, шенеуніктердің "Халықтың әл-ауқаты жақсарды, сондықтан арзандатылған азық-түлікке қажеттілік жоқ" деген пікіріне қарсы шықты. Оны бірден залдан шығарып жіберді. Азаттық тілшісі пікір айтқан кісіні залдан ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкері қуғанын байқаған.

2014 жылы энергетикалық ресурстар бағасы төмендеп, кейін Ресейдің "Газпром" компаниясы Түркіменстан нарығынан кеткеннен кейін екі деңгейлі азық-түлік алу жүйесі биліктің бас ауруына айналды.

Мемлекеттік пропаганда "Түркіменстан экономикасы қарқынды дамып жатыр" деп сендіргенімен, 2015 жылы ұлттық валюта – манат 20 пайызға құнсызданды (1 доллар құны 2,85-тен 3,5 манатқа дейін өзгерді).

Доллардың көлеңкелі нарықтағы бағасы 40 манатқа жетті. Бұл ұлттық валюта қатты құнсызданғанын көрсетеді.

Бұрын мемлекеттік және жекеменшік дүкендердегі бағалар шамалас болатын. Бірақ 2015 жылғы экономикалық дағдарыстан кейін негізгі тауарлар бағасында айырмашылық күшейді.

"Елде бірқатар әлеуметтік тауар арзан бағамен сатылатын. Бұл мемлекеттің «көлеңкелі нарық жоқ, адамдар бұрынғыдай аз жалақы алса да, жақсы өмір сүре алады» деген кейіп таныту амалы еді. Субсидияланған азық-түлік мемлекеттің халыққа дағдарыс кезіндегі көмегі дегенді білдіреді. Бірақ дағдарыс қолдан жасалып отыр, үкіметке елдің беделінен басқа ештеңе маңызды емес" дейді Венадан шығатын "Түркіменстан жазбалары" сайтының бас редакторы Руслан Тухбатуллин.

Билік пен халық арасындағы алшақтық жаңа мәселе туғызды: адамдар арзан тауар алу үшін ұзын-сонар кезекке тұра бастады. Содан бері Гурбангулы Бердімұхамедов пен ұлы Сердардың режимі осы "кезек" мәселесін шешуге тырысып келеді.

МӘСЕЛЕ НЕДЕ?

12 сәуірде Түркіменбашыдағы мәдениет үйінде көтерілген тақырып Балқан өңірінің басқа аудандарында да талқыланған.

Елдің басқа аймақтарында да осындай кездесулер өткен, бірақ үкімет бұл шаралар туралы хабарландыру жариялаған жоқ.

Түркіменабат қаласының жұрты мемлекеттік дүкен алдында кезекте тұр.
Түркіменабат қаласының жұрты мемлекеттік дүкен алдында кезекте тұр.

Мемлекет кейінгі жылдары халыққа азық-түлікті арзан бағамен ұсыну бағдарламасын тоқтатуға тырысып келеді. Ашғабат халқы бірнеше айдан бері мемлекеттік дүкендерден субсидияланған тауар таба алмай отырғанын айтады.

Өткен аптада Ахал уәлаятындағы Кака қаласының тұрғындары төменгі сұрыпты ұннан жасалған нан бағасының көтерілуіне қарсы наразылыққа шықты. Нан екі есе қымбаттап, 2 манаттан (10 цент) сатылған.

Наразылар "нанның өзіндік құны көтерілді" деген сөзге сенбей, ұнның чегін көрсетуді талап етті. Аптаның соңына қарай дүкендерде нан бұрынғы бағамен сатыла бастады.

Былтыр үйге арзан азық-түлік жеткізу қызметі тоқтаған. Жеткізу қызметі дүкен алдындағы ұзын-сонар кезекті азайтуға жақсы көмектескенімен, азық-түлікті бөлетін дүкен басшылары мен тұрғындар арасында жанжал жиіледі.

2021 жылы шілдеде Азаттықтың Түркімен қызметіне пікір берген дүкен басшысы "Бұл цирк тезірек аяқталса екен" деген. Өйткені мемлекет жеткілікті азық-түлік жібермейді, ал бүкіл сын мен шағымды дүкен басшысы естиді.

2021 жылдан бері билік арзан бағамен сатылатын тауарлар саны мен жеңілдікпен азық-түлік алуға құқылы азаматтар қатарын біртіндеп азайтып келеді.

Былтыр Сердар Бердімұхамедов президент болғалы (бірақ мемлекеттік маңызы бар шешімдердің бәрін әлі де бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедов қабылдайды) мемлекеттік және жекеменшік дүкендердегі негізгі тауарлар бағасындағы айырмашылық азайды.

Бұл манат бағамының қалпына келуіне ғана байланысты емес сияқты (көлеңкелі нарықта 1 доллар – 20 манат). Тухбатуллиннің пікірінше, мемлекет бағаны қолдан өсіріп отыр. Үкімет отырысында министр бағаны бақылаудағы өзгерістер туралы айтқанда, президент Сердар Бердімұхамедов экономиканы модернизациядан, диверсификация мен либерализациядан өткізуді тапсырған.

Мемлекеттік дүкен алдында өсімдік майын алуға келгендердің кезегі.
Мемлекеттік дүкен алдында өсімдік майын алуға келгендердің кезегі.

"Шенеуніктер формуласы нақты бола бермейді. Бірақ мұның астарында субсидияны тоқтату туралы шешім жатқанға ұқсайды" дейді Лебап уәлаятындағы ақпарат көздерінен қазір мемлекеттік субсидия бойынша ұн мен тұз ғана сатылып жатқанын естіген журналист.

ХАЛЫҚ ШЕТЕЛГЕ КЕТІП ЖАТЫР

Түркменбашыда өткен кездесуде шенеуніктер халық субсидиясыз-ақ өмір сүре алады деген. Олар жекеменшік сектордағы ең төменгі жалақы 3000-6000 манат аралығында (150-300 доллар) екенін, ал зейнетақы мен мемлекеттік төлемдер жыл сайын 10 пайыз өсіп жатқанын алға тартты. Халықпен кездесуде электр энергиясы, су мен газ төлемдері де арзан екені айтылды.

1 қаңтардағы дерек бойынша, Түркіменстандағы ең төменгі жалақы – 1160 манат (60 доллар). Жеке компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер де шенеуніктер айтқандай жалақы алмайды.

2006 жылы Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін билікке келген Бердімұхамедов режимі халықтың пікірі ескерілмейтін, көзбояушылық мақсатындағы кездесулер өткізуді үрдіске айналдырған.

2018 жылы Гурбангулы Бердімұхамедов бұрын тегін болған коммуналдық төлемдерге ақы енгізбес бұрын осындай кездесулер өткізіп, халық бұл шешімді бірауыздан қолдағандай көрсеткен.

Жақында Сердар Бердімұхамедов қоғамдық тыңдау өткізіп, жаңа қаланың атауына қатысты ұсыныстар жинады. Ресми дерек бойынша, қала құрылысына 5 миллиард долларға жуық инвестиция кетеді.

Қала "Арқадағ" (Қорғаушы) деп аталатын болды. Сердардың 65 жастағы әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовке "арқадағ" деген мәртебе берілген.

Азаттық тілшілері Сердар Бердмұхамедов айтқан қоғамдық тыңдаулар өткенін растайтын дәлелдер таба алмады.

Арқадағ "ақылды қаласының" бюджеті бұрын айтылған 1,5 млрд доллардан әлдеқайда көп. Бұл халықта ақша болмағанымен, Түркіменстан билігінде тағы да желге ұшыратын қаржы барын көрсетеді.

Жекпе-жек өнері бойынша жабық кешендегі V Азия ойындарының жабылу салтанаты. Ашғабат.
Жекпе-жек өнері бойынша жабық кешендегі V Азия ойындарының жабылу салтанаты. Ашғабат.

Энергетикалық ресурстар бағасы қайта көтерілді. Мемлекет Қытайға шикізат тасымалдайтын газ құбыры үшін қарызынан құтылғанын мәлімдеді. Түркіменстаннан Ресей де газ сатып ала бастады. Бірақ жергілікті жерлерде экономикалық ахуал нашар.

Азаттықтың Түркімен қызметі – елдің кедейлік жайлаған аудандарынан тұрақты хабар таратып келе жатқан аз тәуелсіз медианың бірі.

Одан бөлек, Тухбатуллиннің басылымы мен Нидерландта орналасқан Turkmen.News сайты бар.

Turkmen.News сайтының бас редакторы Руслан Мятиев кейінгі жылдары тәуелсіз ақпарат құралдары жариялаған, мемлекеттік дүкендер алдында кезекте тұрған адамдардың суреттері Бердімұхамедов режиміне ұнамайтын. Сондықтан билік субсидияланған тауарлар бағдарламасын тоқтатқысы келді.

Бірақ Мятиевтің айтуынша, үкімет бағаларды реттеуге әлі ондаған, тіпті миллиондаған доллар қаржы жұмсайды. Мысалы, Дашоғыз облысында нарықтық бағаны халықтың көбінің қалтасы көтермейді.

21 сәуірде жарияланған есепке сәйкес, дәл осы өңірде 200 полицей отставкаға кетуге өтініш берген. Олар жұмыстан шығып, нәпақа табу үшін шетелге кеткісі келетінін айтқан.

"Түркіменстанда полиция қызметкерлерінің жағдайы тәуір. Оларда қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Соған қарамастан, полицейлердің өзі Ресейге кетіп, такси жүргізушісі болып табыс тапқысы келеді. Өйткені жалақысы ештеңеге жетпейді. Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызметкерлердің де жағдайы осыған ұқсас" дейді Мятиев.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG