Accessibility links

Түркияға баратын түркімен азаматтары "саяси белсенді" болмауға уәде беріп, "кепілгер" іздеуге мәжбүр


Көші-қон қызметі кеңсесі алдында кезек күтіп тұрған жұрт. Түркіменстанның Лебап уәлаяты.
Көші-қон қызметі кеңсесі алдында кезек күтіп тұрған жұрт. Түркіменстанның Лебап уәлаяты.

Түркіменстан Түркиядан өз азаматтарына визалық режим енгізуді сұрады. Билік мұны түркімендердің қауіпсіздігі үшін жасап отырмыз дейді. Бұл өтінішке Түркиядағы түркімендердің үкіметке қарсы наразылығы әсер еткен болуы мүмкін.

Түркіменстандағы құқық қорғау ұйымының дерегінше, Түркияға барғысы келген түркімендер “ол жақта үкіметке қарсы белсенділікпен айналыспаймын” деген құжатқа қол қойып, өзі үшін жауапкершілік алатын “кепілгер” табуы керек.

Түркиядағы түркімендердің үкіметке қарсы наразылығынан кейін Ашғабаттағы авторитар режим Анкарадан өз азаматтарына арналған визасыз режимнің күшін жоюды сұраған.

Түркіменстан үкіметі мұны жоққа шығарып, шетелде жүрген азаматтарымызды қорғағымыз келеді деп мәлімдеді.

Қыркүйекте Түркия билігі түркімен азаматтарына визалық шектеулер енгізді.

Түркімен билігіне қарсы наразылық өткізіп тұрған түркімен азаматтары. Стамбул, маусым 2022 жыл.
Түркімен билігіне қарсы наразылық өткізіп тұрған түркімен азаматтары. Стамбул, маусым 2022 жыл.

5 наурызда Түркіменстандағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры шетелде тұратын екі түркімен блогер мен өткен айда Түркияға барған азаматтың сұхбатының стенограммасын жариялады.

Өзін Гадам деп таныстырған азамат Түркияға барғысы келетіндер кемі 2000 манат (қара нарықтағы бағам бойынша 100 доллар) жалақы алатын “кепілгер” табуы керегін айтады.

- Кепілгердің хатынсыз виза берілмейді. Виза мерзімі аяқталғанша Түркіменстанға оралмасаң, кепілгер болған адамды жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін, - дейді ол.

Азаттықтың Түркімен қызметі бұл ақпаратты растап, кепілгер міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы керегін, үкіметте туысы жоқ азаматтарға мұндай адам табу қиын екенін хабарлады.

Гадамның айтуынша, виза алғаннан кейін оны жергілікті полиция бөлімшесіне шақырған. Полицияда “Түркіменстан үкіметіне қарсы наразылық шараларына, интернеттегі саяси тақырыптағы талқылауларға қатыспаймын” деген құжатқа қол қойғызған.

Оған желідегі билікке ұнамайтын саяси тақырыптағы видеоларға лайк басуға болмайды.

9 наурызда жарияланған Freedom House ұйымының есебінде Түркіменстан азаматтық еркіндік бойынша Сирия мен Оңтүстік Суданнан кейінгі ең соңғы орындардың бірінде тұр.

Нан алу үшін кезекте тұрған халық. Ашғабат қаласы.
Нан алу үшін кезекте тұрған халық. Ашғабат қаласы.

Түркіменстандағы 10 жылға созылған экономикалық дағдарыс ел азаматтарын Түркияға көшуге мәжбүрлеген. Көші-қон қызметінің қаңтардағы дерегінше, Түркияда 220 мың түркімен тұрады.

Коронавирус пандемиясына байланысты екі жыл бойы Түркияға тұрақты рейс болмаған кезде түркімендердің жаппай көшу тенденциясы сәл бәсеңдеген. Коронавирус шектеулері былтыр ғана жойылды.

Пандемия кезінде Түркіменстан елде коронавируспен ауырған бірде-бір науқас тіркелмегенін айтқан. Түркімен белсенділері үкіметтің шындықты жасырып отырғанын сынап, әр елдегі Түркіменстан елшілігінің алдына барып, наразылық акцияларын өткізген. Олардың ішінде 2020 жылы Стамбулдағы Түркіменстан консулдығының алдында өткен акция ерекше есте қалды.

Коронавирус тақырыбынан басталған демонстрацияларда көп ұзамай Түркіменстан билігіне қарсы басқа да талаптар айтыла бастады.

2021 жылы бірнеше түркімен белсенді ұсталған. Түркия оларды депортациялаймыз деп қорқытып, кейін босатқан.

Былтыр тамызда Түркіменстанның Стамбулдағы консулдығына хат тапсыруға барып, соққыға жығылған белсенді Атамұрат Сапаров. 16 тамыз 2022 жыл.
Былтыр тамызда Түркіменстанның Стамбулдағы консулдығына хат тапсыруға барып, соққыға жығылған белсенді Атамұрат Сапаров. 16 тамыз 2022 жыл.

Былтыр наразылар президент Сердар Бердімұхамедовке арналған хатын табыстау үшін Түркіменстан консулдығына кірмек болғанда, қарсылыққа ұшырап, бес белсенді жараланған. Хатта белсенділер елдегі адам құқықтарының жайы туралы жазған.

Белсенділер өздеріне шабуыл жасаған азаматтардың бірі Түркіменстан дипломатиялық миссиясының өкілі болғанын айтқан.

Түркіменстандағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры 5 наурызда жариялаған хабарламасында билік енгізген шаралар көші-қон туралы заңға қайшы келетініне назар аударған.

Түркіменстан билігі кейінгі жылдары қабылдаған авторитар шешімдерінің көбін жариялап жатпайды, халықтың талқысына салмайды не түсіндіре де бермейді.

Ақпанда Азаттықтың Түркімен қызметі көші-қон комитеті азаматтарға биометрикалық төлқұжат беруді тоқтатқанын хабарлады.

Азаттықтың үкіметтегі ақпарат көзі азаматтарға төлқұжат беруді баяулату туралы ауызша бұйрық түскенін растаған.

Кейінірек Еуропада орналасқан Turkmen.News басылымы үкімет азаматтарға жаңа төлқұжат алуға құжат мерзімі аяқталатын айда ғана өтініш беруге болатынын, одан ерте берілген өтініштер қабылданбайтынын жазды.

Бұрын азаматтар төлқұжат мерзімі аяқталардан алты ай бұрын өтініш беретін.

Осы айда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Женевада Түркіменстандағы адам құқықтары мәселесін қарады. Осы кезде түркімендер Түркияға қиындықсыз сапарлады.

Түркімен үкіметі делегациясының өкілдері “Түркиямен арадағы визасыз режимді алып тастауды сұрауға не себеп болды?” деген сұраққа “Түркиямен визалық режим азаматтардың еркін қозғалуына кедергі келтірмейді, керісінше, қауіпсіздікті арттырады” деп жауап берген. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінде өткен жиынның есебінде жазылған.

Азаттық тілшісі кейінгі аптада Түркияда түркімен тілінде сөйлейтін, Түркіменстанның ұлттық киімін киген адам көбейгенін байқаған.

Гадам “Билікті түсінуге болады. Шетелге көп адам кеткен сайын, билікке қауіп күшейе береді” дейді.

- Түркіменстанда жұмыссыздық, қымбатшылық, жемқорлық сияқты мәселелер бар ма? Әрине, бар. Билік осы мәселелерді шешудің орнына азаматтарын қудалап отыр - дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG