Accessibility links

Ашғабат өзін сынаған Түркиядағы түркімен белсенділерге қысымды күшейтті


Түркіменстандағы Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын авторитар билік режимін сынап, наразылық шарасына шыққан адамдар. Нью-Йорк, АҚШ, 28 қыркүйек 2021 ж.
Түркіменстандағы Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын авторитар билік режимін сынап, наразылық шарасына шыққан адамдар. Нью-Йорк, АҚШ, 28 қыркүйек 2021 ж.

Түркияда тұратын түркімен белсенділер Ашғабаттағы авторитар режимді жиі сынайды. Түркіменстан билігі оларды жуасыту мақсатында түрлі амал қолданып жатқан тәрізді.

Түркіменстан – әлемдегі ең репрессияшыл билік орнаған елдердің бірі. Онда билік өзіне қарсы айтылған ешқандай пікірге төзбейді, президент Гурбангулы Бердімұхамедовты аз да болса сынады дегендердің аузына бірден қақпақ қояды. Кейбірі мүлдем іс-түзсіз жоғалады.

Кейінгі жылдары шетелде тұратын түркімендер Бердімұхамедов билігін ашық сынап жүр. Олардың қатарында АҚШ, Ресей, Түркия, Солтүстік Кипрде тұратындар бар.

Бірақ Түркиядағы кей белсенділер Түркіменстан билігі олардың үнін өшіруге тырысып жатқанын айтады.

БІРНЕШЕ РЕТ ДЕПОРТАЦИЯ ҚАУПІ ТӨНГЕН БЕЛСЕНДІ

30 жастағы Дүрсолтан Тағанова Түркіменстан билігіне ашық сынайтын ең танымал белсендіге айналды. Түркіменстанның батысындағы Лебап уәлаятынан шыққан Тағанова Түркияда біраз уақыттан бері тұрып жатса да, Ашғабаттың құрығына іліне жаздаған.

– 26 қыркүйекте [түрік полициясы] пәтеріме келіп, қайда болғанымды сұрады. Сол күні үйде болмап едім. Сосын мені полиция учаскесіне шақырды... сонда бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім, – дейді Тағанова Азаттықтың Түркімен қызметіне.

Дүрсолтан Тағанова.
Дүрсолтан Тағанова.

Полицияға жеткен кезде Дүрсолтан Тағанова депортация орталығына апарылуы тиіс адамдар тізімінде екенін білген.

Бұған дейін де осындай жағдайда болып көрген ол өзін Түркіменстанға беріп жібере ме деп қатты алаңдаған.

Абырой болғанда Тағанова 29 қыркүйекте босап шыққан.

Дүрсолтан Тағанова – "Түркіменстанның демократиялық таңдауы" ұйымының мүшесі. Бұл ұйымды 2020 жылы жазда түркімен кәсіпкер Мұрад Құрбанов құрған. Қазір ол Францияда тұрады. Ұйымға шетелде тұратын түркімен мигранттары кіреді.

Тағанова Азаттықтың Түркімен қызметіне түрік полициясы ұстап, депортация орталығына апарғандар тізімінде 25 адам барын, өзі де сол тізімде екенін айтты.

– Олардың бәрі [түркімен] белсенділер. Олардың ішінде ең жиі пікір білдіріп жүргендер [ұсталған], – деді ол.

Азаттық әңгімелескен Тағанова бірнеше диссидентпен бірге әлеуметтік желіде күнде онлайн эфир өткізетінін айтты.

– [Түркіменстанға] қандай өзгеріс керегі жөнінде ой-пікірімізді білдіреміз. Түркіменстандағы қудалау, заңсыздық, жемқорлық жайлы айтамыз, – деді ол.

Дүрсолтан Тағанованың сөзінше, әлеуметтік желіде оның парағына 20-25 мың адам тіркелген. Ал белсенділердің елдегі жағдайды талқылауын күнде 6-7 мың адам көреді.

Түркіменстан шенеуніктері көпшілікке айтылған мұндай мәлімдемелерді жақтырмайды.

Түркіменстан түрмесінде отырған саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған түркімен белсенділер. Нью-Йорк, АҚШ, 22 қыркүйек 2021 ж.
Түркіменстан түрмесінде отырған саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған түркімен белсенділер. Нью-Йорк, АҚШ, 22 қыркүйек 2021 ж.

Түркіменстандағы ақпаратты жіті бақылайтын билік халыққа Гурбангулы Бердімұхамедовтің "дана жетекшілігімен қол жеткен керемет жетістіктер мен бұл елге күллі әлемнің қызыға қарайтынын" ғана айтады.

Бірақ биліктің суреттегені мен Түркіменстандағы шынайы жағдайдың айырмашылығы жер мен көктей. Жұрт дүкеннен нан мен май, банкоматтан ақша алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрады.

Халқының шамамен 60 пайызы жұмыссыз деп бағаланған елде Бердімұхамедовтің отбасы миллиардтаған доллар ұрлайтыны жиі айтылады. Ал кей жерде адамдар қоқыстан тамақ іздеуге мәжбүр.

Түркіменстандағы жұмыссыздық кесірінен жүздеген мың адам нәпақа іздеп шетелге кетуге мәжбүр болған.

Түркіменстан билігі ел ішіндегі оппозицияның аузына қақпақ қойғанымен, шетелдегі мигранттар арасында наразылық күшейіп жатыр. Бұған кейінгі жылдары Түркіменстандағы жағдайдың күрт нашарлауы да себеп болған.

"КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛМЕГЕН ЕЛ"

Күллі әлемде коронавирус пандемиясы өршіген кезде Түркіменстан билігі елде "вирус тіркелмегенін" мәлімдеді. Дүрсолтан Тағанова сол кезден билікке қарсы шыға бастаған.

2020 жылғы 19 шілдеде Түркияда тұратын бір топ адам Түркіменстан билігінің коронавирусқа байланысты мәлімдемесіне қарсы наразылыққа шыққан. Түрік полициясы Түркіменстанның Стамбұлдағы консулдығы алдына жиналған 80 адаммен бірге Дүрсолтан Тағанованы карантин талаптарын бұзғаны үшін ұстап әкеткен.

Стамбұлдағы Түркіменстан консулдығы алдындағы наразылық. 19 шілде 2020 ж.
Стамбұлдағы Түркіменстан консулдығы алдындағы наразылық. 19 шілде 2020 ж.

Паспортының мерзімі аяқталған Тағановадан басқасының бәрін сол күні босатқан.

Ол депортация орталығында үш ай отырған. Пандемия кесірінен елге кіріп-шығатын рейстер тоқтаған соң депортациядан аман қалған.

Құқық қорғау ұйымдары Дүрсолтан Тағанованың жағдайын білген соң, 2020 жылғы 12 қазанда Human Rights Watch ұйымы мәлімдеме жасаған. Онда 11 құқық қорғаушы топ Түркия билігінен Тағанованы Түркіменстанға депортацияламауды сұраған.

Human Rights Watch өкілі Хью Уильямс мәлімдемеде "Түркіменстан үкіметі билікті сынаушыларды қатаң қудалап, жазалайтыны белгілі. Дүрсолтан Тағанованың Түркіменстанға оралуы қудалау және азаптау қаупін туғызады" деген.

Тағанова сол күні босап шығып, депортация орталығында Түркиядан пана сұрап өтініш білдірген.

Қазір ол Түркияда заңды негізде тұрады. Бірақ 2020 жылы ұсталғаннан кейін оның өмірі өзгерген.

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Түркіменстанда, кей деректер бойынша, ковидпен байланысты 25 мың адам өлімі тіркелген. Бірақ ресми билік елде "коронавирус жоқ" дейді.
Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Түркіменстанда, кей деректер бойынша, ковидпен байланысты 25 мың адам өлімі тіркелген. Бірақ ресми билік елде "коронавирус жоқ" дейді.

Түркіменстан билігі Дүрсолтан Тағанованың туған жері Лебап уәлаятында оны қаралау науқанын жүргізген.

Тағанова Түркияда қамаудан шыққан соң, жергілікті қоғамдық ұйымдар, әйелдер кеңесі, ұлттық қауіпсіздік министрлігі, ішкі істер министрлігі, прокурорлар Лебап орталығы Түркіменабатта және басқа қалаларда жиын өткізіп, оны қаралауға көшкен.

Ол Азаттықтың Түркімен қызметіне берген сұхбатында "Бірнеше ай бұрын олар [түрік] миграция қызметіне хабарласып, "Түркия мен Түркіменстан байланысы қиын екенін, сондықтан наразылықтар мен кездесулерді тоқтатуым керегін ескертті" деді.

Тағанова миграция қызметінде ешқандай наразылық ұйымдастырмағанын, бірақ әлеуметтік желіде басқалармен бірге Түркіменстан саясатын талқылағанын түсіндірген.

"Олар маған интернетте сөйлеуге тыйым салды" дей келе ол әлеуметтік желіде Түркіменстандағы әділетсіздік пен жемқорлықты айтуды тоқтатпағанын жеткізді. Дүрсолтан Тағанова қыркүйекте ұсталғанда Түркияның лауазымды тұлғалары онлайн эфир жайлы ешқандай ескерту жасамағанын айтады.

СҰХБАТТАН СОҢ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛҒАНДАР

Түркияда басы пәлеге қалған түркімен оппозициясының өкілі жалғыз Дүрсолтан Тағанова емес.

11 қазанда Стамбұлда үш белсенді шабуылға ұшыраған.

Белгісіз біреулер Әзиз Мамедов, Нұрмұхаммед Аннаев пен Бахтияр есімді белсенділерді соққыға ұрып-соққан.

Үшеуі де бұған Түркіменстан қауіпсіздік министрлігінің қатысы барына сенімді.

Белгісіз біреулер ұрып-соғып кеткен түркімен белсендісі Әзиз Мамедовтің ауруханада жатқан кезі. Видоедан скриншот. 2021 жылғы 11 қазан.
Белгісіз біреулер ұрып-соғып кеткен түркімен белсендісі Әзиз Мамедовтің ауруханада жатқан кезі. Видоедан скриншот. 2021 жылғы 11 қазан.

Азаттыққа берген сұхбатында Аннаев шабуылдағандардың бірі Лебап диалектісімен сөйлегенін айтты.

Мамедовтың бет-аузы көгеріп, мұрны сынған. Аннаев сол қолынан, Бақтияр жерге құлаған соң басынан жарақат алған.

Аннаев сол күні батыс басылымының тілшісімен кездескенін және соны интернетке салғанын айтады.

Нұрмұхаммед Аннаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жыл сайынғы жиынына қатысу үшін Варшаваға барып, сонда Түркіменстан билігін сынамақ болған.

КОНСУЛДЫҚТА ТЕПЕРІШ КӨРГЕН БЕЛСЕНДІ

1 тамызда белгісіз біреулер Түркіменстан консулдығының алдына наразылық білдіріп жиналған топқа да шабуыл жасаған. Белсенділер оларды консулдық қызметкерлері жалдаған дейді.

Олар бір белсендінің қолы мен қарнына, екіншісінің қабырғасына пышақ салған.

Он белсендіні Стамбұлдағы депортация орталығына апарып, кейін босатқан.

Түркіменстандағы саяси қуғын-сүргінді айыптап, наразылық акциясына шыққан адамдар. Нью-Йорк, АҚШ, 22 қыркүйек 2020 ж.
Түркіменстандағы саяси қуғын-сүргінді айыптап, наразылық акциясына шыққан адамдар. Нью-Йорк, АҚШ, 22 қыркүйек 2020 ж.

Түркіменстан белсендісі Фархад Дұрдыев наразылыққа бара жатқанда консулдықтан 400 метр жерде оны екі адам ұстап алып, консулдыққа апарғанын айтады. Олар оны "LB" (Лебапта қолданылатындай) деген нөмірі бар көлікпен апарған.

Дұрдыев Азаттыққа консулдық ғимаратында өзін ұрып-соғып, азаптағанын айтты.

Оған жауап ретінде Түркіменстанда мемлекет сөзін сөйлейтін блогерлер шетелде тұратын оппозиция белсенділерінің отбасы мүшелерімен сұхбат жариялаған.

Блогерлер Дұрдыевтың анасымен әңгімелескен. Сұхбатта ол диссидент болып кеткен ұлының "дұрыс жолмен кетпегеніне" налиды.

Түркияда түркімен белсенділерінің осынша назарға ілігуінің себебі еш күмән туғызбайды. Түркіменстан Гурбангулы Бердімұхамедовтың айналасындағы ашкөз адамдардың кесірінен құлдырап кеткен. Бұл жағдайды Түркіменстаннан тыс жердегі, оның ішінде Түркиядағы белсенділер сыртқы әлемге дәл сипаттап беріп жатыр.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG