Accessibility links

Әділдік іздеген түркімен дәрігерін кім ұрлап әкетті?


Хурсанай Исматуллаева
Хурсанай Исматуллаева

16 шілдеде Еуропарламентте өткен жиында құқық қорғаушы белсенділер Түркіменстанда жұмысынан қуылып, жылдар бойы әділдік іздеп жүрген дәрігер туралы айтты. Содан кейін полиция оны үйінен алып кеткен. Қазір әйелдің қайда екені белгісіз.

Төрт жыл бұрын педиатр Хурсанай Исматуллаеваны Ашғабадқа жақын маңдағы перинаталдық ауруханадағы жұмысынан шығарып жіберген. Содан бері ол құқығын қорғап, әділдік үшін күресіп жүр.

16 шілдеде Орталық Азиядағы адам құқықтарының бұзылуын талқылаған жиында құқық қорғаушылар Еуропарламентке Хурсанай Исматуллаеваның басындағы жағдай туралы айтты. Содан кейін дәрігер із-түзсіз жоғалып кеткен. Жиын болған күннің ертесінде10 адам оны Түркіменстанның оңтүстігіндегі Гөкдепе қаласындағы үйінен алып кеткен. Олардың кейбірі полиция формасында, кейбірі жай киімде болған.

Turkmen.news тәуелсіз сайтының хабарлауынша, Исматуллаеваны алып кетпес бұрын оның үйінен телефон мен компьютерлерді тәркілеген.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы 20 шілдеде "Бірнеше күн өтсе де, оның қайда екені немесе не себепті қамалғаны туралы ресми ақпарат жоқ" деп мәлімдеді.

HRW Хурсанай Исматуллаеваның жоғалғаны туралы мәлімдемеде оның "өте қорқынышты жағдайда ұсталғанын" және "нашар аты" шыққан Түркіменстан билігі "істі халықаралық форумда қарауға жол бергені үшін одан кек алып жатқанына" күмән жоқ екенін мәлімдеді.

"Исматуллаеваны қамау фактісін мойындамауы яки қайда екенін жасыруға тырысуы оның ұсталуын күштеп ұрлап әкету деп сипаттауға алып келеді, халықаралық құқық бойыша бұл аса ауыр қылмыс саналады" деп мәлімдеді HRW.

"Хурсанай Исматуллаева қамауда өткізген әр минут оны азаптау немесе оған басқа да қатігездік көрсету, ойлап табылған айыптарды мойындату қаупін арттырады. Түркіменстан – әлемдегі ең репрессияшыл елдердің бірі. Үкімет сынға шыдамайды, жемқорлық, әділетсіздік және біліксіздік туралы айтқан адамдарды түрмеге қамайды" деп мәлімдеді HRW.

ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ

Хурсанай Исматуллаева 1999 жылдан ел астанасы Ашғабадқа жақын жердегі Гөкдепе қалашығында перзентханада, ал 2010 жылдан сол жерде ашылған "Эне Махри" перинаталдық орталығында педиатр болып жұмыс істеген.

2017 жылы шілдеде ол екі аптаға демалыс алып, емделу үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барған. Ал Гөкдепеге қайтып келгенде өзін демалысқа кеткен күні-ақ "екі апта бойы жұмыста болмады" деген желеумен жұмыстан шығарып жібергенін білген.

Құжаттарға қарасақ, ол перинаталдық орталық бас дәрігері міндетін атқарушы Аннамұрат Хановтың "жеке бастамасымен" жұмыстан шығарылған.

Түркіменстан заңы бойынша, мұндай жағдайда, яғни, Исматуллаева сияқты кәсіподақ мүшесі болған, жұмыста болмаған адамдар туралы шешімді кәсіподақ комитеті қабылдауы керек.

Хурсанай Исматуллаева өз ісін қараған кәсіподақ комитетінің жиналысында құжатқа жалған қол қойылғанын біліп, жергілікті билік органдарына жүгінген.

Алдымен Гөкдепе орналасқан Ахал аймағының кәсіподақтар қауымдастығы Исматуллаеваны жақтап, оны жұмысына қайтаруды, заңды еңбек демалысын алғандықтан, тиісті еңбекақысын төлеуді міндеттеген.

Бірақ Түркіменстан сот жүйесі Хановтың жағына шыққанда, жағдай өзгерген.

Исматуллаева бас прокуратураға, Түркіменстан омбудсменіне және ұлттық қауіпсіздік министрлігіне шағым түсірген.

ТҮРКІМЕНСТАНДА БЕЛСЕНДІЛЕР НЕГЕ КӨП ЖОҒАЛАДЫ?

Еуропарламенттің кей өкілдері Исматуллаева жемқорлық жайлаған денсаулық сақтау саласындағы адал дәрігер болғаны үшін жұмыстан қуылды деп болжайды.

22 шілдеде Еуропарламенттің бес депутаты жасаған мәлімдемеде Исматуллаева перинаталдық орталық басшыларының "пациентті қажетсіз ақылы процедураларға жіберу" бұйрығын орындаудан бас тартқанын айтты.

Францияның Страсбург қаласындағы Еуропа парламенті ғимараты.
Францияның Страсбург қаласындағы Еуропа парламенті ғимараты.

Turkmen.news сайты Хурсанай Исматуллаеваның екі пациентімен тілдескен. Олар дәрігердің адалдығы мен кәсіби білігін ерекше атаған.

Орталық дәрігерлері пациенттердің біріне операция жасау керек деген. Ал Исматуллаева оны қайта тексеріп, операция жасамауға болатынын айтқан. Одан кейін пациент ультрадыбыстық талдау нәтижесін АҚШ-та тұратын досына, сонда әртүрлі ауруханаларда істейтін үш дәрігерге жіберген. Олардың бәрі Исматуллаева айтқандай, операция жасауға себеп жоқ деген.

Еуропарламент депутаттары мәлімдемеде Исматуллаева "пациенттің денсаулығын ойлағанын", бірақ "бұл басшылыққа жақпай, оны жұмыстан шығарғанын" айтады.

Депутаттар мен HRW оны дереу босатуды талап етеді.

Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлық Исматуллаеваның қамалып, артынша жоғалып кетуін мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін немесе қатігездігін сынаған басқа адамдардың ісімен салыстырады.

Мүліктік құқығын қорғаған кәсіпкер Баразгелді мен оның әйелі Айжемал Бердыевтар да бейтаныс адамдар бір жаққа алып кеткеннен кейін із-түзсіз жоғалған.

Азатлық жазған тағы үш адамды да билікті жария түрде сынағаннан соң көп ұзамай үйінен қинап алып кетіп, психиатриялық ауруханаға уақытша жатқызған.

2006 жылы зейнеткер Какабай Теженов елде су жетіспеушілігіне шағымданған.

2011 жылы Амангелен Шапудаков та соған ұқсас мәлімдеме жасаған.

Сол жылы тарих пәнінің мұғалімі Сазак Дурдумурадов оппозициялық саяси партия құратынын айтқаннан кейін жоғалып кеткен.

HRW Түркіменстанда ондаған адамның із-түзсіз жоғалғанын айтады. Олардың кейбірі 15 жыл бойы табылмаған. Отбасы олардың не тірі, не өлі екенін де білмейді.

"Тірі екенін дәлелде" (Prove They Are Alive) деген құқық қорғау кампаниясы жиналған мәлімет бойынша, Түркіменстанда 121 адам күштеп алып кеткен соң жоғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG