"Қаржы пирамидасын құрып, 200-ге жуық адамның қаржысын иемденді" деп айыпталған Берік Томинді 26 сәуірде Ақтөбе қаласының №2 соты алты жылға бостандығынан айырды. Сотталушының жасы 33-те. Үкім күшіне енген жағдайда ол алдағы жеті жылда қаржы және коммерция ұйымдарына жетекшілік ете алмайды.
Тергеу материалдарына қарағанда, Берік Томин жетекшілік еткен "ЦентроФинанс" ұйымы 2019 жылғы желтоқсанда ашылып, 2020 жылғы ақпанға дейі небәрі үш ай жұмыс істеген. Осы аралықта салымшылардың 1 млрд 20 млн теңгеден астам қаржысын иемденген.
Жарғысында коммерциялық қызметпен айналысады деп көрсетілген "ЦентроФинанс" салымшыларға ай сайын 40 пайыз сыйақы беруге уәде еткен. Ал автокөліктерді нарықтағыдан 30 пайыз жоғары бағаға сатып алып, 30 пайыз арзан етіп сатқан. Ұйым салымшы әкелген адамдарға бонус төлеп отырған.
Мемлекеттік айыптаушылар "ЦентроФинанс" ұйымының әрекетінен 200-ге жуық адам зардап шеккен дейді. Салымшылар шығыны – 1 млрд 20 млн теңге.
Прокуратура "топтасып, сөз байласып қаржы пирамидасын құрды" (Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі, 2-тармағы) деп айыпталған Берік Томинді сегіз жылға соттауды сұраған болатын. Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласының №2 соты сотталушыға алты жыл түрме жазасын кесті.
Сот Томиннің жалғыз баспанасын отбасына қалдырып, "ЦентроФинанс" ұйымының кеңсесін тәркіледі. Кей жәбірленушілердің шағымы толық қанағаттандырылып, кейбіреуінің шағымы Азаматтық сотта қаралатын болды.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап отыр.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Ақтөбе соты биыл жыл басында "қаржы пирамидасын құрып, 800-ге жуық тұрғынға 4 млрд теңгеден астам залал келтірді" деп айыпталған алты азаматты бас бостандығынан айырған.