Accessibility links

Қаңтар бойынша айыпталған 25-тің соты: прокурор 2-4 жыл аралығында түрме жазасын сұрады


Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 25 адамның соты. Өзін ақтауды сұраған айыпталушылардың бірі Ғалымбек Бесаев сотта сөйлеп тұр. Алматы, 28 сәуір, 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 25 адамның соты. Өзін ақтауды сұраған айыпталушылардың бірі Ғалымбек Бесаев сотта сөйлеп тұр. Алматы, 28 сәуір, 2023 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 25 адамның ісінде жарыссөз аяқталды. 28 сәуірде прокурор барлық 25 адамды кінәлі деп тануды, 13 адамға шартты жаза, қалғандарына екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Айыпталушылардың бірі Думан Қанатбек Қаңтарда оққа ұшқан. Прокурор оны да кінәлі деп тануды, қайтыс болуына байланысты істі тоқтатуды сұрады.

Бұған дейін жәбірленушілер (қару-жарақ дүкенінің иелері, әкімдік өкілдері) соттан жалпы сомасы 15 миллиард теңге көлеміндегі шығынды өтеп беруді сұраған. Прокурор бұл өтініштерді азаматтық іс аясында жеке қарау керек деді.

Айыптаушы тарап марқұм жігіттен өзгелерінің бәрінен 20 АЕК көлемінде жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына шығын өндіріп беруді де өтінді.

Айыпталушыларға негізінен "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты", "қару-жарақ ұрлады", "ғимараттарға шабуыл жасады" деген айыптар тағылған. Айыпталушылардың басым бөлігі тағылған айыптарды мойындамайды. Кейбірі айыпты ішінара мойындаған.

28 сәуір күнгі жарыссөзде сөз алған марқұм жігіттің әкесі Әкімбек Қалыбеков "ұлым кінәлі емес" деді. Оның айтуынша, "қару ұрлап жатқан белгісіз топ баласы – Думан Қанатбек достарымен мінген көлікті тоқтатып, қару-жарақ дүкенінен ұрланған қаруды алаңға апаруды бұйырған".

– Ұлым мен жанындағы бірнеше бала қорыққанынан олардың айтқанын орындауға мәжбүр болған. Сондықтан баламды ақтауды сұраймын, – деді Әкімбек Қалыбеков.

Айыпталушылардың бесеуі тергеу изоляторында отыр.

Бұл істе 10-ға жуық жәбірленуші бар. Тергеудің мәліметінше, оларға келген шығын көлемі 15 миллиард теңгеге жуықтаған. Мұның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы тоналған қару-жарақ дүкені өздеріне 136 миллион теңге, қалалық әкімдік 180 миллион теңге, құрылыс басқармасы 141 миллион теңге, полиция департаменті 2 миллиард теңгеден аса шығын келгенін айтқан, ал мемлекеттік активтер басқармасы шығынын 12 миллиард теңге деп бағалаған. Бұған дейін адвокаттар "шығынды сотталып отырған 25 адамнан өндіріп алмақшысыздар ма" деген сұрағына, "сот кінәлі деп таныған азаматтар өтеуін сұраймыз" деп жауап берген еді.

  • 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны бойынша сот процестері аяқталып келеді. Бас прокуратураның мәліметінше, елде 1600-ден астам адамға Қаңтар бойынша үкім шыққан. Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Атырау және Талдықорған қалаларында жүздеген адамның соты өткен. Оларға "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау", "ғимараттарды басып алу" және өзге де баптар бойынша айып тағылған.
  • Осыған дейін кейбір айыпталушылардың жақындары мен адвокаттары тергеу органдары істерді "біржақты қарағанын" айтып, "тергеу органдарының әділетсіздігіне" шағымданған. Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған азаматтар қаза болған марқұмдарды ақтауды талап етіп, Астанаға дейін де барған. Олар "жақындарының Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысы барын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоғын" айтып, "әділетсіз үкімдердің" күшін жоюды сұраған. Осыған қатысты сұрақтарға жауап берген билік пен құқық қорғау орган өкілдері "тергеу мен сот процестері әлі толық аяқталмағанын" алға тартып келеді.
  • Қаңтар кезінде оққа ұшқан және азапталған азаматтарға қатысты шағымдардың басым бөлігі қаралмағанын құқық қорғаушылар мен белсенділер, саясаткерлер сынаған.
  • Қаңтар бойынша құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің бірқатары "билік өкілетін асыра пайдалану", "әрекетсіздік таныту", "азаптау" баптары бойынша жауапқа тартылған. Алайда құқық қорғаушылар "Қаңтардағы қантөгістің шындығы толық ашылмады, бейбіт наразылардың өліміне кінәлілер толық жауапқа тартылған жоқ" деп есептейді. Билік Қаңтарды халықаралық дәрежеде тергеуді ұсынған құқық қорғаушылардың ұсынысын кері қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG