Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған Бауыржан Әлиасқаров сот залынан босап шықты. Оған үкім 27 сәуір күні оқылды.
Әлиасқаров 2022 жылғы 29 қаңтардан бері қамауда отыр. Оған "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу" (Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2-бөліктері), "билік өкілін қорқыту немесе күш көрсету" (380-баптың 1-бөлігі) баптары бойынша айып тағылған.
Бейсенбі күнгі соттың ақырғы отырысында судья "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айып дәлелденбегенін айтты. Әлиасқаровты "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "билік өкіліне күш көрсетті" деген айыптар бойынша кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Алайда "Рақымшылық туралы" заңға сәйкес, оның жазасы үш жылға қысқарып, бір жылға сотталды. Бірақ оның уақытша ұстау изоляторында отырған әрбір күні 1,5 күнге есептеліп, сот залынан босап шықты.
Бауыржан Әлиасқаров өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Оның сот үкімінен кейінгі сөзінен QazaqTimes үзінді келтіреді.
"Өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Ештеңені қиратып, бүлдіргем жоқ. Кінәлі дейтіндей бір сабақ жіп те алғам жоқ. Бірақ сот әділ үкім шығарды деп отыр ғой. Әділ де шығар мен үшін. Бір жылдан аса отырдым. Шаршап кеттім, шынымды айтсам. Түрмеден шаршадым. Әлі өзгерістер болар. Ешкімге ештеңе дей алмаймын. Әлі ақталар жатармын" деді ол.
Бауыржан Әлиасқаров Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, Талдықорғандағы тергеу изоляторында аяусыз азапталған. Изоляторда оның тісін жұлып, тырнағына ине тыққан. Өзі сол кезде түрмеден хат жазып, "тергеушілер жасамаған қылмысты мойныма ілгелі жатыр" деп мәлімдеген. Ол өзін азаптағандардың үстінен арыз жазғанымен, іс сотқа жетпей тоқтап қалды.
Видео: "Басымнан мыжып, тепкіледі". 50 жастағы азаматтың полицияда көрген азабы (21 қыркүйек 2022 жыл).
50 жастағы Бауыржан Әлиасқаров 2019-2020 жылдары да бірнеше митингіге қатысып, әкімшілік жазаға тартылған. Бірақ кейінгі жылдары белсенділігін тоқтатқан.
- Қаңтар оқиғасына байланысты елде мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "қару-жарақ сақтау" сынды айыптар тағылды. Оқиға кезінде қаза тапқандардың да үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адамдар тергеу кезінде полициядан азапталғанын мәлімдеді. Олардың көбі құқық қорғау органдарының үстінен шағым түсіргенімен, азаптау туралы істердің көбі аяғына жетпей жабылып қалды, тергеуі жылжымай қалғандар да бар.
- Президент "террористердің шабуылы" деп атап, ескертусіз оқ атуға бұйрық берген Қаңтар оқиғасының салдарынан елде 238 адам (оның 19-ы күш құрылымдарынан) қаза тапқан. Кемінде алты адам полиция мен тергеу изоляторындағы азаптаудан қайтыс болған. Сарапшылар президент "террористер шабуылдады" деген мәлімдемесіне билік әлі күнге дейін дәлел келтіре алмады дейді. Билік Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеу керек деген құқық қорғаушылар ұсынысын кері қайтарған.