Accessibility links

Қаңтарға байланысты айыпталған Күдебаевқа үкім шықты. Ол бірнеше күн бұрын Түркиядан елге жеткізілген


Алматы облысы полиция департаментін басқарған Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасына байланысты сотталды.
Алматы облысы полиция департаментін басқарған Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасына байланысты сотталды.

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған генерал, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа үкім шықты. Прокуратура оны азаптауға қатысы бар деп айыптап отыр.

Талдықорғандағы сот 28 сәуірде Күдебаевты "Қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды" деп танып, 10 жылға соттады. Тергеу Күдебаев Қаңтар оқиғасында "қызмет орнын әдейі тастап кетті" деп жүргізілген, бірақ қылмыстық іс сотта "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша қаралды.

Сот үкіміне сай, Күдебаев құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерде 10 жыл жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған қоса, сот оны генерал майор шенінен айыру үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылды.

Прокуратураның мәліметінше, Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде "қызметін асыра пайдаланды және оның азаптауға қатысы бар, ол полиция департаментіндегі қызметкерлерге ғимараттан кетуді бұйырып, заңсыз бұйрық берген, өзі қаладан кетіп қалған".

Ал Күдебаев cоттағы соңғы сөзінде "Кінәлі емеспін, өз халқымды атпадым. Әйелдерді, балаларды [атпадым]. Азаптау болмады. Жәбірленушілер де жоққа шығарып отыр. Айтарым – осы. Рақмет" деді.

Күдебаев 2022 жылы мамырда ұсталған. Оған Қаңтар кезінде "жұмыс орнын тастап кетіп, әрекетсіздік танытты" деген айып тағылып, органдар оның Алматы облысы полиция департаментін "тастап кетіп бара жатқан" видеосын жариялаған. Сот кезінде прокурор оны тоғыз жылға соттауды сұрады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

КҮДЕБАЕВТЫҢ ТҮРКИЯҒА ҚАШУЫ ҺӘМ ҰСТАЛУЫ

Биыл 9 наурызда Күдебаев "қан қысымы жоғары" деген диагнозбен ауруханаға жатқызылған. Оның денсаулығына байланысты сот отырысы бірнеше рет кейінге қалған. Сот кейін Күдебаевты мәжбүрлеп әкелу туралы шешім шығарған. Ал 23 наурызда ол Қырғызстан арқылы Түркияға қашып кеткені белгілі болды. Істі қарап жатқан судья 3 сәуірде оған халықаралық іздеу жариялаған. Күдебаев елден қашып кеткен соң, жұрт ел шекарасының әлсіздігін сынаған.

27 сәуірде бас прокурор Берік Асылов журналистерге Күдебаев Түркиядан елге жеткізілді деп мәлімдеді. Кейін желіде тараған суретте қолы кісендеулі Күдебаевқа ұқсас бір адамды "ҰҚК" деген жазуы бар форма киген екі ер адам ұстап тұрғаны көрінетін сурет тарады. Бұған қоса, кейбір басылымдар Күдебаевтың ұлының Арман Мырзақұловтың "әкем елге өз еркімен оралды" деген сөзін жариялаған. Бас прокуратура интернетте мұны жоққа шығарып, Күдебаев "Түркияда уақытша тұруға рұқсат алмақ болған" деді.

"Құқық қорғау органдары Күдебаевты елге қайтару үшін шетелдік әріптестерімен көп жұмыс істеді. Интерпол күштері араласты. Түркия әділет министрлігіне экстрадициялау туралы өтініш жолдағанбыз" деп мәлімдеді прокуратура.

КҮДЕБАЕВ КІМ?

Күдебаев СССР ішкі істер министрлігінің Қарағанды облыстық жоғарғы мектебін 1990 жылы заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін карьерасын Алматы облысы Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімінің қылмыстық істер бойынша жедел іздеу бөлімшесінде бастайды.

Серік Күдебаев
Серік Күдебаев

Ал 2013 жылдан 2020 жылға дейін, жеті жылдай Алматы қаласы полициясын басқарды. 2016 жылы Алматыда жүздеген адам Қытайға жерді жалға беруге қарсы митингіге шыққанда, Күдебаевтың өзі наразыларды ұстауға қатысқан. 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына жақын серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындаған соң болған наразылық кезінде де Күдебаев алаңды өзі бақылап, жұртты таратуға қатысқан. Күдебаев осы кезден бастап елдегі ең ірі қаладағы наразылықты басу мен бақылауды үйлестіруші болған адамның біріне айналған.

2018 жылы Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен (Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері) тапа-тал түсте кісі қолынан қаза тапқаннан кейін қала тұрғындары Күдебаевтың оставкасын талап етті. Алматылықтар Күдебаев басқаратын полиция департаменті қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады деп сынаған. Бірақ Күдебаев қызметін жалғастырған.

2019 жылы қыркүйекте Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан жол апатына ұшырап, Германия ауруханасында қайтыс болды. Күдебаев әулетіне түскен қайғылы оқиғадан соң Нұрсұлтан Күдебаевқа Алматыда ота жасаған екі дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Дәрігердің жақтастары "Күдебаев қызметін пайдаланып, медқызметкерлердің үстінен іс қозғатты" деп, Тоқаевтан көмек сұраған. Осыдан соң іс сотқа жетпеді.

Істі болып, елден қашқан генерал Күдебаев кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

2020 жылы қаңтарда Күдебаев Алматы облысы полиция департаментіне басшы болып тағайындалады. Ал 2022 жылы Алматы облысындағы тәртіпсіздік кезінде аймақта төтенше жағдай енгізіліп, Күдебаев облыстың коменданты болып бекітілген. Қаңтар қырғыны кезінде Талдықорғанда әкімдік ғимараттары, "Нұр Отан" партиясының (қазіргі "Аманат) ғимараты өртеніп, жұрт Назарбаевтың ескерткішін құлатқан. 2022 жылы ақпанда ол Алматы облысы полиция департаменті басшылығынан "өз еркімен кеткені" хабарланды. Ал мамырда қамауға алынды.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Алты адам түрмеде азапталып қаза тапқаны айтылған. Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады", "билігін асыра пайдаланды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыппен 18 жылға, қорғаныс министрі болған Марат Бектанов "қызметін асыра пайдаланды" деп 12 жылға сотталған.

Қаңтар оқиғасына байланысты полиция департаменттерінің, ҰҚК департаменттерінің бірнеше басшысы да жауапқа тартылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG