Accessibility links

Таразда сот Қаңтарға байланысты айыпталған бір адамды 16 жылға, үш адамды 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырды


Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл.

28 сәуірде Тараздағы сотта Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған төрт адамға түрме жазасы кесілді.

Сот тараздық Ербол Жұмановты "қаруды заңсыз иемденді", "қаруды заңсыз ұстады", "билік өкіліне күш көрсетті" деген айыппен 16 жылға бас бостандығынан айырды. Судья ол жазасын қауіпсіздігі барынша қатаң мекемеде өтеуге тиіс деп тапты.

Ал "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деп айыпталған 64 жастағы Нұрахан Махатовқа алты жыл, Жақсылық Абдуллаев пен Айбол Сағынтайға бес жыл түрме жазасы кесілді.

Сот Саламат Қосанов, Досмұхаммед Садықов, Дәурен Нұрәлиев, Қанат Нұраханұлы (Нұрахан Махатовтың ұлы) мен Ермахан Сайлауовты да айыпты деп таныды, бірақ олар рақымшылық заңымен сот залынан босатылды. Сотталушылардың бәрі тағылған айыпты мойындамады. Кейбірі апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

16 жылға сотталған Жұманов қару алғанын мойындады, бірақ адам өлтірмедім деп отыр. "Қаруды мен сағат 16.00-де алғанмын, ал қаза тапқан адамға оқ 15.18-де тиген. Мені жазықсыз түрмеге жауып жатыр" деді ол сотта.

Жұмановтың сотқа келген әпкесі Гүлжан Жұманова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, "16 жыл оңай емес қой" деді.

Абдуллаевтың әйелі Әсем Шамшаева "үкімге келіспейміз, күйеуім ештеңе ұйымдастырған жоқ, жала жауып, бес жылға соттап жіберді" деді үкімнен соң.

Жамбыл облыстық соты бұл іс бойынша жәбірленуші саны 157 адам, ал шығын көлемі 4,3 млрд теңгеге жуық деп хабарлаған еді.

Тараз соты бұған дейін де Қаңтар оқиғасынан кейін "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айыпталған тоғыз адамның ісін қараған еді. Сот алаңда оқ тиіп қаза болған Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайларды айыпты деп тапқан.

Ал Марат Бекбаудың бұған дейін де істі болғанын ескеріп, екі жылға бостандығынан айыруға және жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге үкім еткен. Асхат Ташекеев пен Ғани Керімбаевқа рақымшылық жасалып, қамаудан босатылған.

Алаңда қаза болған тағы бір тұрғын – 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Тараз соты оны да "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен кінәлі деп тапқан.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Ал бүкіл Қазақстан бойынша кемі 238 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG