Accessibility links

"Можем объяснить" арнасы: Путиннің қыздарының фирмалары былтыр миллиард рубль табыс тапты


Катерина Тихонова (сол жақта) және Мария Воронцова.
Катерина Тихонова (сол жақта) және Мария Воронцова.

Владимир Путиннің қыздары Мария Воронцова мен Катерина Тихоноваға тиесілі фирмалар 2022 жылы 1,2 млрд рубльден астам табыс тауып, алғаш рет қаржылық тұрғыда рекорд көрсеткішке жетті деп жазды "Можем объяснить" телеграм-арнасы.

Путиннің қыздарына тиесілі компаниялардың қаржылық есептеріне сүйенген журналистердің айтуынша, әсіресе Мария Воронцованың "Новая медицинская компания" мекемесі көп табыс тапқан: 2022 жылы аталған компанияға 855 млн рубль көлемінде кіріс кірген. Бұл фирма ядролық медицина жобаларымен айналысады және Ленинград облысында көпсалалы медицина кешендерін салуға қатысып жатыр.

Воронцова 2019 жылы "Новая медицинская компанияның" бес құрылтайшысының біріне айналған. Ізінше бір жыл бұрын шығынға батып жүрген компанияның кірісі бірден 597 млн рубльге жеткен.

Бұған қоса, коммерциялық қызмет бойынша кеңес берумен айналысатын "Новая медицинская компанияның" бөлімшесі "Номеко управление" компаниясы былтыр 7 млн рубль табыс тапқан.

Рекорд көрсеткіштерден бөлек, 2022 жылы "Номеко" "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жалдамалы қызметкерлерін емдейтін "СОГАЗ Медицина" клиникасын сатып алған. Қаржы мәліметтеріне қарағанда, Воронцованың фирмасы былтыр соғыс жалғасып жатқан тұста 77 млн рубль қарызынан құтыла алған.

Катерина Тихонованың компаниялары, "Можем объяснить" телеграм-арнасының есебінше, былтыр 290 млн рубль табыс тапқан. Тихоноваға тиесілі компаниялар арасында ең ірі табысқа "Национальное интеллектуальное развитие" қоры қол жеткізген. Былтыр бұл қорға 265 млн рубль көлемінде кіріс кіріп, компанияның табысы 2021 жылғы көрсеткіштен екі есеге өскен.

Тихонова – Мәскеу мемлекеттік университеті жанынан құрылған "Иннопрактика" қорының бас директоры. Қор мұнай өндіру, геология, биотехнология және химия салаларында зерттеу жүргізеді. Серіктестерінің арасында "Роснефть", "Газпром" және "Ростех" бар.

2019 жылдан бері "Национальное интеллектуальное развитие" қорының кірісі 5 есе өскен. Оған еншілес бес компанияның да табысы артқан: 2022 жылы олар шамамен 26 млн рубль пайда тапқан.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ЕО, АҚШ және Ұлыбритания Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға санкция салған.

XS
SM
MD
LG