Германия үкіметінің бұрынғы басшысы Ангела Меркель 29 сәуірде Лейпцигте өткен іс-шарада өзінің Ресеймен жүргізген бұрынғы саясатын қорғай сөйледі. 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін Минск процесі аясында Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін жұмсалған күш-жігерді дұрыс деп атады. "Мен бұл дипломатиялық талпынысты қолдаймын" деген бұрынғы канцлер "Украинаға қатты алаңдайтынын" айтты.
Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель өзі билікте болған уақытта Украина мен Ресей арасындағы жанжалдың алдын алуға бар күшін салуға талпынғанын мәлімдеді. "Өкінішке қарай, оған қызығушылық танытпағандар да көп болды" деді ол.
Бұған дейін "Ангела Меркельдің саясаты Ресейдің Украинаға басып кіруіне мүмкіндік берді" дейтін сөздер жиі айтылып жүрген. Меркельді сынаушылар ол ұдайы Украина есебінен Ресеймен ымыраға келді деп кінә артады. Соның бір мысалы ретінде "Солтүстік ағын-2" газ құбырын (құрылысы аяқталғанымен, пайдалануға берілмеген) салғанын айтады. Оны Украина мен Грузияны 2008 жылы НАТО-ға қабылдауға да қарсылық білдірді деп айыптайды.
Меркель канцлер қызметінен 2021 жылы өкілеті аяқталған соң кеткен. Кеткеннен кейінгі алғашқы үлкен сұхбатында Ресейдің Украинаға басып кіргені үлкен қате деген. 2022 жылғы қарашада Ресейдің Украинаға басып кіруі өзіне күтпеген жайт болмағанын, соғыстың алдын алуға арналған идеяларын өзге неміс саясаткерлеріне жеткізуге тырысқанын, бірақ олар жауапкершіліктен тартынғанын айтқан еді.
ПІКІРЛЕР