Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның үкіметтік делегациялары Қырғызстанның Баткен қаласында кездесу өткізді. Бұл жөнінде министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады.
25-29 сәуір аралығында делегациялар Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекеттік шекараларының түйіскен тұсын анықтау мәселесін талқылаған.
Ақпаратқа қарағанда, келесі кездесу Тәжікстан аумағында өтеді. Өзге ақпарат айтылмады.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының ұзындығы – 970 шақырым. Қазір 519 шақырымға делимитация және демаркация жасалған. Қалғаны даулы аумақ ретінде қалып отыр.
Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның ұзындығы – 1314 шақырым. Бұл – Қырғызстанның ең ұзын шекарасы. Былтыр қарашада Қырғызстан мен Өзбекстан 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан шекара дауына нүкте қоятынын мәлімдеген. Тараптар жылдар бойы анықталмай келген 312 шақырым бойынша келісімге келген.