Ресей аннексиялап алған Севастопольдегі мұнай қоймасына жасалған шабуыл – Киевтің қарымта тойтарыс беруінің бір элементі. Украинаның оңтүстік күштері басқармасының өкілі Наталья Гуменюк УНИАН агенттігіне осылай деді.
Гуменюктің сөзіне қарағанда, мұнай қоймасындағы өрт Ресей әскерін қатты алаңдатқан. Олар өз отбасыларын эвакуациялауға тырысып, аннексияланған Қырымнан кетуге мүмкіндігінше күш салып жатыр.
"Бұл – ірі қарымта шабуылға дайындық жұмысы" деді қорғаныс күштерінің өкілі.
29 сәуірде Севастопольдің Казачья ықшамауданындағы мұнай қоймасында өрт шыққан. Төрт цистерна өртенген, ешкім зардап шекпеген. Севастопольдің ресейлік губернаторы мұнай қоймасына екі дрон шабуыл жасағанын хабарлады. Біреуі атып түсірілген.
Украина жағы өрттен кейін Ресейдің Қара теңіз флотына арналған отыны бар 10 қойма жойылғанын хабарлады. Бірақ Киев шабуылды мойнына алмаған.
Украина президенті Владимир Зеленский Севастопольге шабуыл жасалған күні Батыс ақпарат құралдарына Украинаның қарулы күштері басып алынған аумақты, оның ішінде Қырымды да қайтаруға күш салатынын айтқан. Ал бұған жауап берген Қырым парламентінің жетекшісі Владимир Константинов шабуыл ұйымдастырғысы келетін Киевке қатаң тойтарыс беретінін айтқан.
- Украина шабуылға дайындалып жатқаны туралы хабар тарағанына бірнеше ай болды. Кейінгі ақпаратқа қарағанда, ол мамырда немесе жаздың басында басталуы мүмкін. Киев ол жөнінде алдын ала хабарламайтынын айтқан.
- Украина халықаралық дәрежеде мойындалған аумағын, оның ішінде Қырымды да қайтаруға күш салатынын мәлімдеп келеді.
ПІКІРЛЕР