Accessibility links

Bloomberg: Ресей валюта сатып алып, резервін толықтыруға кіріскелі отыр


Иллюстрация.
Иллюстрация.

Мұнайдан түскен табысы көбейіп, қаржы тұрақтылығына қол жеткізуіне байланысты Ресей мамырдан бастап шетел валютасын сатып алуға қайта кірісіп, резервін толықтыруы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg жазды.

Агенттік мәліметіне қарағанда, валюта сатып алатынын қаржы министрлігі осы аптада хабарлауы мүмкін. Бастапқыда айына 200 миллион долларға тең Қытай юанін сатып алуы ықтимал. Bloomberg-тің жазуына қарағанда, Ресей 154 миллиард долларға бағаланатын қорын осылайша Қытай валютасымен толтырады.

Шетел валютасын сатып алуды қайта бастағаны Ресей санкцияға қарамастан, мұнайды тәп-тәуір сатып отырғанын көрсетеді деп жазады агенттік. Соғыс шығындары көбейіп, тапшылық қысса да, Ресей бюджеті тұрақталып тұр.

"Бастапқыда сатып алатын шетел валютасы аса көп болмайды, бірақ бұл – Ресей резервін тауысқанының орнына оны одан әрі толықтырып отырғанын көрсететін белгі" деген Bloomberg Ресей экономисі Александр Исаковтың сөзінен дәйек келтірген. Сарапшының сөзінше, резерв толыққаны рубльге де жағымды әсер етуі мүмкін.

Биыл қаңтарда Ресей банкі бір жылға жуық үзілістен кейін шетел валютасымен операция жасауды жалғастыруға шешім қабылдаған. Бірақ операция бұдан былай "дос емес елдердің валютасымен емес", Қытай юанімен жүреді.

2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кірген әрекетіне жауап ретінде Батыс Ресейдің алтын валюта қорының тең жарымына жуығын: 640 миллиард доллар ақшасының 300 миллиардын бұғаттап тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG