Accessibility links

Зеленский "дрон шабуылы" туралы: Біз Путинге де, Кремльге де шабуылдамаймыз


Кремльдің үстіне ұшатын аппарат келе жатқан видеодан скриншот
Кремльдің үстіне ұшатын аппарат келе жатқан видеодан скриншот

Финляндияда ресми сапармен жүрген Украина президенті Владимир Зеленский 3 мамырда түнде Кремльге жасалған "дрон шабуылы" туралы пікір білдірді. Ол "біз Путинге де, Мәскеуге де шабуыл жасамаймыз" деген.

Кремльге жергілікті уақытпен түнгі сағат 2 мен 3-тің ортасында "екі дрон шабуылдағаны" туралы ақпаратты ресейлік телеграм-арналар 3 мамырда түстен кейін жаза бастады. Кейін ресми БАҚ іліп әкетті. Әлеуметтік желіде Кремль күмбезінде желбіреп тұрған туға дрон соғылғанын көрсетеді дейтін видеолар тарады. Кейін Кремльдің баспасөз қызметі де "шабуылды" президент Владимир Путинге жасалған қастандық деп бағалады және қарымта жауап болатынын ескертті. Ресми мәлімдемеге қарағанда, түндегі "дрон шабуылы" кезінде Путин Кремльде болмаған.

Шабуылды айыптаған Ресей думасының жетекшісі Вячеслав Володин оны "Украинаның ісі" деп біледі және Украина билігін "террористік ұйым" деп тануды ұсынды әрі "Киев режимін құртатын қаруды қолдануды" талап етті.

Оқиғадан соң Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасында билік органдарына тиесілі емес дрондардың ұшуына тыйым салынғанын мәлімдеді.

Түнгі дрондар Украинаға тиесілі емесі жөнінде президент Владимир Зеленскийден бұрын баспасөз хатшысы Сергей Никифоров хабарлады. Ол "Украина әлеуетін өзгелерге шабуылдауға емес, басып алынған жерлерін азат етуге жұмсайды" деген. Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляктың сөзінше, "Украина қарулы күштері Кремльге шабуылдамаған және ол ешбір мәселені шешпейді".

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "дрондар шабуылы" туралы ақпаратқа, Кремльдің мәлімдемелеріне күмәнданатынын айтқан. New York Times басылымының жазуынша, Украина әскерінің Ресей аумағына шабуылы жөніндегі сұраққа Блинкен "Украина өз жерін қалай қорғауды өздері шешеді" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG