Accessibility links

Пригожин Бахмуттағы позициясын Қадыровтың батальонына беруге дайын екенін мәлімдеді


"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров.
"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров.

"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Бахмуттағы вагнерліктердің позициясын шешен батальоны "Ахматқа" беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде Пригожиннің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметі Пригожиннің қорғаныс министрі Сергей Шойгуға бағыттаған ресми хатын жариялады. Онда хат авторы 10 мамырға дейін Бахмуттағы вагнерліктердің позициясын "Ахмат" батальонына беру туралы өтініш айтқан. "Вагнер" жетекшісінің айтуынша, Бахмутта украин әскерінің бақылауында "екі шаршы шақырым жер ғана қалған-мыс" және "Ахмат" батальоны оларды басып ала алады деп сенім білдірген.

5 мамырда Евгений Пригожин "Вагнердің" жалдамалы әскері Бахмуттан 10 мамырда кететінін мәлімдеген. Айтуынша, бұған "снаряд тапшылығы" себеп болған. Ол Бахмутта өлген солдаттардың жанынан видео түсіріп, олардың өліміне Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовті айыптаған.

"Вагнер" жасағы кері шегінбек. Украинадағы ахуал не боп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Сол күні Қадыров Телеграмда "Ахмат" арнайы жасағы Бахмуттағы позицияны алуға даяр деп мәлімдеген. Отряд Мариупольдегі штурмға былтыр көктемде қатысқан.

  • Ресей әскері Донецк облысындағы Бахмутқа былтыр күзден бері шабуылдап жатыр. Бірақ орыс әскері қаланы толық басып ала алған жоқ. Пригожиннің айтуынша, қаладағы шайқастарға тек "Вагнер" әскері қатысып жатыр.
  • 2 мамырда АҚШ ұлттық қауіпсіздігі кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби Америка барлау қызметінің мәліметіне жүгіне отырып, Украинаның шығысындағы соғыста Ресей соңғы бес айда 20 мың солдатынан айырылғанын, жартысы – "вагнерліктер" екенін мәлімдеген. Ресей қорғаныс министрлігі қанша солдат өлгенін жарияламайды.
  • Наурыз айында сарапшылар "Вагнер" жетекшісі мен Шешенстан басшысы арасында Пригожиннің қорғаныс министрлігін сынауына байланысты жанжал туындағанын айтқан. Бұған дейін Қадыровтың өзі де Украинадағы орыс әскерінің басшыларын сынаған. Алайда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден кейін Шешенстан басшысы пікірін күрт өзгерткен. Сол күні-ақ ол Телеграм-арнасында қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Ресей қарулы күштері бас штабын мақтаған.
  • Бірнеше апта бұрын Қадыров Пригожинмен кездескенін хабарлап, оны жазбасында "бауыр" деп атаған.
XS
SM
MD
LG