Accessibility links

Өзбекстанда еңбек мигранттарын және вальс билеген оқушы қыздарды сынаған имам қызметінен босатылған


Ферғана облысы Ташлак ауданының бас имамы Шүкіролла Егамбердиев (видеоның скриншоты)
Ферғана облысы Ташлак ауданының бас имамы Шүкіролла Егамбердиев (видеоның скриншоты)

Ферғана облысы Ташлак ауданының бас имамы Шүкіролла Егамбердиев қызметінен босатылған. Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, 16 мамырда мүфтияттың ішкі бақылау комиссиясы осындай шешім шығарған.

Комиссия Шүкіролла Егамбердиевті қызметінен босатып, тәртіпке шақыруды ұйғарған.

"Шүкіролла Егамбердиев жаңсақ сөйлегенін мойындап, кешірім сұрады. Бұдан әрі қайталамайтынын айтты. Имам-хатибті жөн-жосықсыз ғайбаттамауды сұраймыз, оның ісіне құқықтық баға беріліп, шара қолданылады" деп жазылған діни басқарманың хабарында.

Таяуда әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде Егамбердиевтің шетелде жұмыс істейтін мигрантттарды сынап тұрған видеосы жарияланған.

"Жұмыс жоқ дейді. Бірақ осы жерден кетпей, жұмыс тауып жүргендер де көп қой. Адам өзінің басымен ойлануы керек, күш салуы керек, Құдайдан сұрауы керек. Менменсуді доғару керек. Мұнда көше сыпыруға намыстанғандар Ресейде көше сыпырып жүр. Бұл жерде сиырдың астын тазалығысы келмейтіндер Ресейде шошқаның астын тазалап жүр… Еңбектену керек, оқу керек… Оқымасаң, құл боласың. Әсіресе мектепте жүргенде оқу керек. Балалар оқымаса, ғылымға назар аудармаса, қара жұмысшы, құл боп қала береді" дейді имам.

Әлеуметтік желіде көп таралған тағы бір видеода имам мектеп бітіру кешінде вальс билеп жүрген қыздарды сынайды.

"Міне, мектеп бітіру кешінде не болып жатқанын қараңдар. Мектеп бітіру кеші деген не істесе де бола береді деген сөз бе? Балаларыңа осындай демалысқа баруға неге рұқсат бересіңдер?.. Кей жерлерде вальс билеуге рұқсат береді екен. Мұғалімдер қайда қарап отыр? Мектеп бітіру кешінде өзінің сыныптасымен вальс билеп жүрген 11-сыныптың қызына ертең не болатынын білесіз бе? Оны кім алады әйелдікке? Ақыл-есі түзу еркек алмайды. Ондай қызда ұят бола ма, күйеуіне адал бола ма?" дейді имам Шүкіролла Егамбердиев.

Комиссия имам-хатибтің қоғам наразылығын туғызған сөзі мен ой-пікірі "имам мәртебесіне сай емес" деп есептеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG