Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова 14 рет тіркеуге өтініш беріп, 14-рет өтініші кері қайтарылған "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы туралы сұрақтарға жауап берді. Ол "партияларды тіркеген кезде саяси ұстанымдарына қарамайтынын" айтты. Билікті сынап жүрген тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы ұзақ уақыттан бері тіркеле алмай келеді. Олар мұның саяси астары бар деп есептейді.
– Бізде партияларға қойылатын талаптар бар. Олар "саяси партиялар туралы заңға" сәйкес болуы керек. Талаптардың бірі – ол ұйым басқа мемлекеттен қаржы алмауға тиіс. Әскерге қатысы болмауға тиіс. Ал саяси көзқарастары бойынша деген жоқ, – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Алма Мұқанова.
Вице-министр партияның құжаттарын тексерген кезде мемлекеттік органдар мен базадағы ақпаратқа сүйенетінін айтып, "партияларды тіркемеудің саяси себебі бар" деген оппозиция белсенділерінің сөзін жоққа шығаруға тырысты.
Қазақстан билігі саяси партияны тіркеу процедурасын жеңілдеткенін мәлімдегенімен, оппозиция "билікке адал саяси ұйымдар ғана тіркеліп" жатқанын мәлімдеген. "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы ұйымды тіркету үшін кемінде 14 рет құжат тапсырған, алайда әділет министрлігі "құжаттары дұрыс емес" екенін айтып қайтарып отырған. Белсенділер министрлікті сотқа да берген, алайда жеңіліп қалған. Олар мұның саяси астары бар деп есептейді.
"Алға, Қазақстаннан" бөлек, елде "Қазақстанның демократиялық партиясы", "Біздің құқығымыз", "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Ел тірегі" сияқты тіркеле алмай жүрген партиялар бар. Кейбірінің жетекшілері сотталған.