Украинаның құқық қорғау органдары Ресей басқыншылығы басталғалы бері 82 мыңнан астам әскери қылмысты тіркеген. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Ұлыбритания осы қылмыстарды зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуға көмектеседі.
Украина бас прокуроры Андрей Костин Варшавада өткен халықаралық ауыр қылмыс мәселелері туралы форумда (Atrocity Crimes Advisory Group, ACA) осындай қылмысты зерттеу топтарын қолдаудың маңызы жөнінде айтты.
"Ресей Федерациясының қылмысын әшкерелеу мен [кінәлілерді] сот арқылы қудалау бойынша көмек көрсету, жәбірленушілер мен куәгерлерді қолдауды қамтамасыз етуге атсалысқан маңызды" деді Андрей Костин.
Халықаралық дәрежедегі ең ауыр қылмыс бойынша консультациялық топтар Украинадағы соғыс кезінде бас прокурорға әскери қылмысты зерттеуге көмектесу үшін АҚШ, ЕО және Ұлыбританияда құрылған.
Аталған топ жәбірленушілер мен куәгерлер арасында сауалнама жүргізу бойынша нұсқаулық әзірлеген. Әңгіме тұтқындар, күштеп көшірілген балалар, гендерлік себептен құрбанға айналған адамдар туралы болып отыр. Бұл нұсқаулық Украина бас прокуроры кеңсесіне берілген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли бейбітшілік пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында Украинаға жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.
Дәлелдер мен айғақтарға қарамастан, Мәскеу соғыс кезінде әскери қылмыс жасағанын мойындамайды.