Accessibility links

Инга Иманбай: Жанболат Мамайды жансақтау бөліміне ауыстырып жатыр


Белсенді Жанболат Мамай.
Белсенді Жанболат Мамай.

Белсенді Жанболат Мамайдың жағдайы бүгін күрт нашарлап, оны жансақтау бөлімге ауыстырып жатыр, деп хабарлады 20 мамырда кешке қарай белсендінің әйелі Инга Иманбай.

Оның айтуынша, Жанболат Мамайдың денесін қызыл бөрткен басып кеткен. “Ештеңе көмектеспей жатыр” деп жазды Инга Иманбай денсаулық сақтау министрлігі мен омбудсменге бағыттаған жазбасында.

Бірнеше күн бұрын Инга Иманбай күйеуінің Алматы қаласының жұқпалы ауруханасына жатқызылғанын хабарлаған.

“Оның 11 мамырдан бастап қызуы көтеріліп, мазасы болмай жүрді. Оған дейін 5 мамырда медициналық тексеруден өткен еді. Талдау нәтижелері жақсы болған. 5 күн ішінде оған не болғанын әзірге білмейміз” деген еді Инга Иманбай 17 мамырда.

Оның айтуынша, балалары да әкесіне ұқсас белгілерімен ауруханаға түскен.

Белсенді Жанболат Мамай 10 сәуірде Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкімге сай, оған осы жылдар аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Белсенді өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамаған және мұның саяси астары бар деген еді. Жуырда БҰҰ-ның жұмыс тобы "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен алты жыл шартты жаза алған Жанболат Мамайдың ісі бойынша есеп әзірлеп, оны "жөн-жосықсыз бостандығынан айырған" деген қорытындыға келген еді.

Инга Иманбайдың айтуынша, күйеуі медициналық тексеруден басқа ешқайда бармаған. Азаттық белсенді жатқан аурухана өкілдерінен жауап ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG