Accessibility links

ХҚС өкілдері Ресейдің Путинді тұтқындауға ордер берген прокурорға іздеу жариялағанына алаңдаушылық білдірді


Халықаралық қылмыстық сотқа қатысушы елдер Ресей билігінің президент Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген прокурорға іздеу жариялағанына алаңдаушылық білдірді.

Бұл жөнінде ХҚС-қа қатысушы мемлекеттер Ассамблеясы президиумының мәлімдемесінде айтылған. Мәлімдеме авторлары Мәскеудің әрекетін "қорқыту амалы" деп атап, осылайша Ресей билігі "Халықаралық қылмыстық соттың халықаралық дәрежедегі ауыр қылмыстарды зерттеу, жазалау және алдын алу бойынша мандатына нұқсан келтірмек болды" дейді. Сот өкілдері мәлімдемесінде қысымға назар аудармай, миссиясын жалғастыра беретінін айтты.

Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Карим Ханға Ресейдің іздеу жариялағаны жұма күні белгілі болды. Оның аты-жөні Ресей ішкі істер министрлігінің дерекқорында пайда болды. Бұған дейін Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры мен үш судьясына қарсы Ресейде қылмыстық істер қозғалған. Судьяларға іздеу жарияланбаған.

Халықаралық қылмыстық сотқа әлем бойынша 123 мемлекет мүше. Ресей оның юрисдикциясын мойындамайды.

Биыл 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Ол Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдады деп айыпталып отыр. Осыған ұқсас ордер Ресейдегі бала құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Мария Львова-Беловаға да берілді.

Құқық қорғау ұйымдары мен АҚШ-тың халықаралық құқық мәселелері жөніндегі өкілі сенбі күні БҰҰ бас хатшысы арнайы өкілінің Львова-Беловамен кездесуін сынады. Human Rigts Watch өкілінің айтуынша, Львова-Белова БҰҰ өкілімен кездесуде емес, Гаагадағы сотта болуы тиіс еді деді.

Львова-Белова сәуір айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына ондайн қатысқан кезде Батыс елдерінің өкілдері залдан шығып кеткен.

XS
SM
MD
LG