Accessibility links

Кишиневте мыңдаған адам митингіге шығып, Еуропа одағына қосылуды қалайтынын білдірді


Жексенбіде Молдова астанасы Кишинев қаласында ондаған мың адам митингіге шығып, Еуропа одағымен ынтымақтастықты қалайтынын білдірді. Полиция мәліметіне қарағанда, акцияға 75 мыңға жуық адам қатысқан.

Президент Майя Сандудың бастамасымен үкімет ұйымдастырған бұл митингіні оппозиция мен еуропашыл кей партиялар қолдамаған. Олар мұны "билікшіл "Әрекет пен ынтымақтастық" партиясының сайлау алдындағы үгіт-насихатына жатқызады" деп хабарлады Азаттық радиосының Молдаван редакциясы.

Еуропа парламентінің төрағасы Роберта Метсола қатысқан митинг Еуропа саяси қауымдастығының Кишиневте өтетін саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Саммит 1 маусымда өтеді. Бұл кездесуде Майя Санду Молдованың Еуропа одағына мүшелігі жөнінде келіссөзді тезірек бастау ниетіне қолдау тапқысы келеді дейтін болжам бар.

Президент Санду 21 мамырдағы сөзінде бұл акция молдавандардың Еуропа одағына құлшынысын көрсетуге тиіс деген. "Біз турасын айтуға келдік: молдавандар – еуропалықтар, Молдованың орны Еуропа одағында" деді Санду. Ол тікелей айтпаса да, "Молдованың дамуын 34 жыл бойы тежеп келеді" деп Мәскеуді меңзеген.

Майя Санду Украинадағы соғысты да бірнеше рет атап өтіп, көршілес ел қорғанысына Молдова елеулі үлес қоса алмаса да, қолдай беретінін айтқан.

  • Еуропа саяси қауымдастығы форматы 2022 жылы Франция президенті Эммануэль Макронның ұсынысымен құрылған. Қауымдастықтың міндеті Еуропа одағы мен оған кірмейтін елдерді, соның ішінде Батыс Балқан мен Кавказ елдері арасындағы қарым-қатынасты жақсартуды көздейді.
  • 2022 жылы Молдова президенті Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше ай өте Украинамен қатар Молдованы да Еуропа одағына кіру үшін келіссөз бастауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG