Accessibility links

"Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке сот кескен 14 жыл аяқталды


Kazakhstan - Mukhtar Zhakishev. Scrrenshot
Kazakhstan - Mukhtar Zhakishev. Scrrenshot

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 21 мамырда Қазақстан соты кескен 14 жыл жаза мерзімі аяқталғанын хабарлады. 11 жыл қамауда отырып, осыдан үш жыл бұрын шартпен босаған Жәкішев бүгін Facebook-тегі парақшасына "Бас бостандығымнан айырылу мерзімім аяқталды. Мен боспын!" деп жазды.

Оның қамақ мерзімі 2009 жылы 21 мамырда қамауға алынған күнінен басталған.

Мұхтар Жәкішев 2020 жылы 19 наурызда мерзімінен бұрын босап шыққан. 2009 жылы "жемқорлық жасады" деген айыппен жабық сотта 14 жылға сотталған. Жәкішев тағылған айыпты теріске шығарған.

Құқық қорғаушылар мен Жәкішевтің жақтастары тағылған айыптың саяси астары бар екенін бірнеше рет мәлімдеген. ​ Қазақстан құқық қорғаушылары оны саясатпен айналыспаса да, саяси тұтқындар тзіміне қосқан. Халықаралық құқық қорау ұйымдары Мұхтар Жәкішевті босату жөнінде Астанаға әлденеше рет үндеу жасаған.

2020 жылы 3 наурызда сот Жәкішевтің өтінішін орындап, шартты жазамен босатқан. Бастапқыда "Қазатомөнеркәсіп" пен онымен үлестес компанияларға келтірген 99,6 миллиард теңге залалын өтемеді деп, сот оның арызын қарағаттандырудан бас тартқан.

Жәкішевтің қамалғаны алуан түрі болжамды көбейткен. Қазақстан құқық қорғаушыларының кейбірі оны 2009 жылы елден кеткен оппозиционер Мұхтар Әблязовпен достығы үшін қамалды деп есептейді. Ресейдің уран өндірісінің мүддесіне Жәкішев кедергі жасады деген де жорамал болған. Жәкішев "Қазатомөнеркәсіппен" серіктес болғысы келген Жапонияның Toshiba компаниясы арқылы Канаданың Uranium One компаниясының "жолын кесті" дейтіндер де бар. Жәкішевтің өзінің сөзінше, қамауға алынуына осы факторлардың бәрінің жиынтығы әсер еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG