Жоғарғы сот наурызда өткен сайлауда Алматының №4 сайлау округі бойынша мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған бұрынғы кандидаттар Санжар Боқаев пен Мұрат Адамның сайлау комиссияларының үстінен түсірген шағымдарын қарамай тастады. Сайлау нәтижесі бұрмаланды, науқан әділетсіз өтті деп санайтын экс-кандидаттар биылғы 19 наурызда өткен дауыс беру нәтижесін жоққа шығаруды және сайлау комиссияларының өз шағымдарын қарастырмау әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.
Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген олар Жоғарғы соттың талап арыздарды қараудан бас тартуына негіз жоқ деп есептейді.
Адвокат болып жұмыс істейтін Мұрат Адамның айтуынша, Жоғарғы сотқа екі талап арыз берілген. Бірінші талап арызға өзі қол қойып тапсырған. Онда Орталық сайлау комиссиясының және аумақтық сайлау комиссиясының өз шағымдарын қарастырмай тастаған әрекетін заңсыз деп тануды сұраған. Ал екінші талап арызды Санжар Боқаев қол қойып тапсырған. Онда мәжіліс сайлауының нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап қойылған.
Мұрат Адам мен Санжар Боқаев екі талап арызды да электрон цифрлық қолтаңба қойып, тапсырған. Бірінші талап арыз Мұрат Адамға Жоғарғы соттың "Санжар Боқаевтың атынан қол қоюға өкілеті жоқ" және "талап арыз бойынша мәселе соттан тыс тәртіпте, яғни Орталық және аумақтық сайлау комиссияларында шешіледі" деген анықтамасымен кері қайтарылған.
Екінші талап арызға да соған ұқсас жауап келген. Онда Санжар Боқаевқа "Мұрат Адамның атынан қол қоюға өкілеті жоқ" және "арыз беру мерзімі 10 күннен асып кетті" делінген. Алайда Мұрат Адам арыз беру мерзімі өтіп кетпегенін, талап арыз онлайн жіберілгенін және ол жерде тіркелген күні көрініп тұрғанын айтты. Жоғарғы соттан күдер үзген Санжар Боқаев пен Мұрат Адам енді Конституциялық сотқа жүгінбек. Егер онда да талаптары қанағаттандырылмаса, БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау комитетіне шағымданбақ.
Кейінгі кездері саясатпен айналысып жүрген бұрынғы шенеунік Санжар Боқаевтың айтуынша, қолында өз округіндегі сайлау учаскелерінің 90 пайызының хаттама көшірмелері бар. Соған сәйкес, дауыс берушілердің басым бөлігі өзіне дауыс бергенін айтқан Боқаев ОСК-дан қалған учаскелердегі хаттама көшірмелерін беруді талап еткен. Алайда ОСК бұдан бас тартқан. Осыдан соң мәжіліс депутаттығына экс-кандидаттар Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген.
Мұрат Адам Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясынан "хаттама көшірмелерін алуға құқығыңыз жоқ, тек бақылаушыңыз не сенімді өкіліңіз ала алады" деген жауап алғанын жеткізді. Ол мұны абсурд деп бағалады.
Өзіне сайлаушылардың дауысы дұрыс есептелмегенін айтқан ол кез келген адам өзінің құқығы мен заңды мүддесіне қатысты ақпаратты немесе құжатты алуға құқылы екенін айтты. Ол өзін сайлау нәтижесін даулау мүмкіндігінен айырды деп біледі.
Боқаевтың айтуынша, қолында бар хаттама көшірмелеріне сәйкес, бүгінде №4 сайлау округінен сайланып, мәжіліс депутаты атанған Ерлан Стамбеков 5990 дауыс жинаған. Ал сайлау комиссиясының ресми сайтында ол 15 990 дауыс алғаны айтылады. Боқаев қазір "бәрінен бұрын өзіме дауыс берген 10 мыңдай адамның конституциялық құқығын қорғау маңызды" дейді.
Сайлау күні Астанада сайлауға қарсылық білдірмек болған белсенділер ұсталды. Бақылаушылар дауыс беру кезінде көптеген заңсыздық (бюллетеньдерді топтап салу, "карусель" әдісі, хаттама бермеу және тағы басқа) болғанын айтты. Билік "сайлау нәтижесіне әсер етпейтін жекелеген заңсыздықтар туралы" айтып, заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылады деді.
Мәжілістегі орындардың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы алды. Одан бөлек, Қазақстан халық партиясы (бұрынғы "коммунистер"), "Ақ жол", "Ауыл", "Республика" және ЖСДП белгіленген межеден өтіп, парламентке депутаттарын жіберді. Бұл партиялардың барлығы билікті жақтайтын саяси ұйым деп есептеледі.
Бақылаушылар билік сайлауда әкімшілік ресурсты кеңінен қолданғанын, сайлауға шынайы оппозиция күштері жіберілмегенін айтты. Бірде-бір партияға мүше емес ондаған белсенді, құқық қорғаушы, заңгер және өзге де азаматтар "түрлі себеппен" кандидат ретінде тіркеле алмаған.
ПІКІРЛЕР