Accessibility links

"Бәз баяғы спикер, бұрынғыдан айырмашылығы аз парламент". Жаңарған мәжілістің алғашқы жиыны


Сегізінші сайланған мәжіліс мүшелері Орталық сайлау комиссиясына депутат куәлігі мен төсбелгісін алуға келіп отыр. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл
Сегізінші сайланған мәжіліс мүшелері Орталық сайлау комиссиясына депутат куәлігі мен төсбелгісін алуға келіп отыр. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл

Қазақстанда 200-ден астам адам қаза тауып, жүздеген кісі жараланған, қамауда азапталған қанды Қаңтардан кейін бір жылдан астам уақыт өткенде жаңадан сайланған парламенттің сессиясы ашылды. Мәжілістің жаңа құрамы елде "сайлау әділ өткен жоқ" деген наразылық айтылып жатқан шақта іске кірісті.

ТОҚАЕВША "БӘСЕКЕЛІ ЕРКІН САЙЛАУ"

29 наурызда Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған парламенттің бірінші сессиясын ашты.

– Сайлауда жеңіске жетіп, депутат атанған азаматтардың қызметіне табыс тілеймін. Сіздер мемлекетімізді дамыту және ел мүддесін қорғау ісіне үлес қосасыздар деп сенемін, – деді жаңа парламенттің алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Тоқаев. Ол биылғы сайлау науқанын "өте көп адам қатысты" деп сипаттады.

Орталық сайлау комиссиясының ресми дерегі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 54 пайызы қатысқан. Бұл – кейінгі 20 жылға уақыт ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Бақылаушылар мен үкіметті сынап жүргендер шынтуайтында дауыс бергендер саны бұдан әлдеқайда аз деп есептейді.

19 наурызда елде кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, алты партия – "Аманат", "Ақ жол", Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы), "Ауыл", Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) және былтыр тіркеуден өткен "Республика" 98 депутаттан тұратын жаңа мәжілістен орын алды. Алдыңғы үш партия бұрыннан парламентте бар. Кей сарапшылар алтауын да Ақорданың айтқанынан шықпайтын ұйым деп сипаттайды.

Сайлауды "шынайы бәсеке жағдайында өтті" деп сипаттаған Тоқаев оған дәлел ретінде "ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партияның парламентке өткенін" мысалға келтірді.

Бұған дейінгі сайлауларда бойкот жариялап я дауыс жетпей қалып, парламентке өте алмаған ЖСДП-ға осы жолы мәжілістен төрт орын тиді. Өзге оппозициялық топтар "биліктің айтқанымен жүреді" деп сынайтын ЖСДП өзін оппозициялық саяси ұйымға жатқызады.

– Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Қандай да бір саяси партияға артықшылық берілген жоқ, – деді Тоқаев.

Сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, партиялық тізім бойынша парламенттен 40 орын алған биліктегі "Аманат" партиясының тағы 22 мүшесі бірмандатты округтерден мәжіліске сайланды. Мәжілістегі қалған 36 орынға өзге бес партияның өкілдері мен бірмандатты округтен сайланған жеті депутат ие болды.

Биліктегі "Аманат" партиясының фракциясы ұсынған Ерлан Қошанов сегізінші шақырылымдағы мәжілістің төрағасы болып сайланды.
Биліктегі "Аманат" партиясының фракциясы ұсынған Ерлан Қошанов сегізінші шақырылымдағы мәжілістің төрағасы болып сайланды.

Сәрсенбі күні "Аманат" партиясының фракциясы ұсынған Ерлан Қошановты шыт жаңа депутаттар жасырын дауыс беру жолымен сегізінші шақырылымдағы парламент мәжілісінің төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Ол биыл қаңтарда таратылған мәжілісте де осы қызметті атқарған. Оған дейін президент әкімшілігін басқарған Қошановты сарапшылар Тоқаевтың сенімді серігі деп атайды.

Альберт Рау мен Дания Еспаева мәжіліс төрағасының орынбасары болып сайланды.

Елде кемінде 238 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған я азапталған Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан сәл астам уақыттан соң өткізілген биылғы сайлау да бұрынғы сайлаулар сияқты бұрмалауға толы болғанын мәлімдеп, қайтадан дауыс беруді талап етіп жатқандар аз емес.

ТОҚАЕВ НЕНІ АЙТПАДЫ?

Тоқаев сәрсенбі күні парламенттегі сөзінде "Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды" деп мәлімдеді. Бірақ Қаңтар оқиғасы кезіндегі халықтың жаппай наразылығы мен күш құрылымдары атқан оқтан қаза тапқандар мен зардап шеккендер, қамауға алынып, азапталғандар туралы берілген арыз-шағымды әділ тексеруді сұрап, халықаралық тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырғандардың үндеуі жөнінде ештеңе айтпады. Биліктің келісімінсіз бейбіт наразылық акцияларына шығып жүрген азаматтарды қудалау хақында да тіс жармады.

Бақылаушылар билік шынайы оппозициялық кандидаттардың сайлауға қатысуына бөгет қойып, партияда жоқ ондаған тәуелсіз кандидатты "сайлауалды үгітті ерте бастап жібердің" немесе "салық декларациясындағы дерегің дұрыс емес" деген сылтаумен сайлаудан шеттетті дейді.

Президент "сайлау кезінде орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды, айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз" деп уәде етті. Алайда Ақордадан сайлау қорытындысын қайта қарауды талап етіп жүрген азаматтардың тәуелсіз кандидаттар сайлаудан негізсіз шеттетілгені, дауыс беру және бюллетень санау кезінде көптеген заң бұзу фактісі тіркелгені туралы үндеуіне жауап берген жоқ.

Тоқаев Ресейдің Украинаға ашқан соғысы туралы да ештеңе демеді. Ресми Астана осы кезге дейін Ресейдің көрші тәуелсіз мемлекетке басқыншылығын айыптаған емес. Украинадағы соғыста қаза тапқан Қазақстан тұрғындарын елге жеткізіп жерлегені туралы Азаттық жазған. Сарапшылар Батыс елдері Ресейге салған санкциялардың зардабы Қазақстанға да тиетінін айтып жүр.

КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ

Президент сөзінде, былтыр өз бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгертулерді қоса алғанда, кейінгі "бір жылға жуық уақыт ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілгенін айтты.

– Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстан жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті, – деді президент.

"Бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалып, жұрт шынайы қолдау көрсетті" деген Тоқаев елде "ашық азаматтық қоғам нығайып келе жатқанын" айтты.

– Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды, депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық сот құрылды, бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды, – деді ол.

Тоқаевтың бір сағатқа жуық уақытқа созылған сөзін сілтідей тынып тыңдаған парламент пен бүгін таратылған үкімет мүшелері ара-тұра президентті қоштап, қол шапалақтап отырды.

Ақорда "саяси жаңғыру" дейтін шараларды "сырттай сылап-сипауға" теңейтін билік оппоненттері елді 30 жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында орныққан авторитар жүйе мұрты бұзылмаған күйі қалды деп сынайды.

"Реформаларамыз күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет қағидасына негізделді" деді сәрсенбі күні сыртқы жағына темір шарбақ қоршау қойылған парламентте сөйлеген сөзінде Тоқаев.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер Қазақстанда азаматтардың бірлестік құру, митинг, шеру өткізу, сөз еркіндігі сынды Конституцияда бекітілген құқықтарын іске асыруға үкімет бөгет қойып, шектейтіні туралы жиі айтады.

"БАЙ МЕН КЕДЕЙ АРАСЫ АЛШАҚТАЙ ТҮСТІ"

Тоқаев парламенттегі сөзінде әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелерге де тоқталды. Былтыр ол Қаңтар оқиғасы кезінде наразыларға ескертусіз оқ ату туралы күш құрылымдарына бұйрық бергені үшін сынға қалған. Бүгін Тоқаев Қаңтардан кейін өзі жария еткен "Жаңа Қазақстан" құр сөз емес екенін айтты.

– Елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек, – деп мәлімдеді Тоқаев. Президент бұл сөзін Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында жұмыссыз тұрғындар бірнеше күннен бері билікке талап қойып, наразылық акциясын өткізіп жатқан кезде айтты.

Мұнайшылар кентінде сейсенбінің кешінде көпшілік қатысқан жиында сөйлеген жаңаөзендік белсенді Жоламан Сейілов Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері барлық табысты орталық алып, шалғайдағы ауылдар жоқшылық зардабын тартып келе жатқанын айтты. "Тоқаевқа айтатыным: "Жаңа Қазақстанды" астанадан емес, ауылдан бастау керек!" деді Сейілов. Жиынға қатысушылар "Дұрыс сөз!" деп, белсендіні қолдады.

Жетібайдағы наразылар далада түнеп шықты. Ереуіл жалғасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

– Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды, – деді Тоқаев сәрсенбіде парламентте.

Қоғамда елді қымбатшылық пен жұмыссыздық жайлап, жемқорлық ушығып тұрғаны туралы сын жиі айтылып жүрген шақта президент Тоқаев алда күрделі кезең тұрғанын тұспалдап, "еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек" деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысы экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы қордаланған мәселелерді ретке келтіру үшін "жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажет шешімдер қабылдау керек" деді. Бірақ нақты нені меңзегенін ашып айтпады.

– Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті, – деді президент. Ол алдағы бес жылда үкімет пен парламенттің алдында осы негізгі мәселелердің шешімін табу міндеті тұрғанын айтты.

Ол елдегі өзгерістер тағы жалғасады деп мәлімдеді.

"Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс" деді Тоқаев.

Сәрсенбіде парламентте сөйлеген сөзінде Тоқаев елден заңсыз шығарылған активтерді "қайтаруға күш салынып жатқанын" хабарлады. Бірақ нақты дерек келтірген жоқ.

– Үкімет пен Бас прокуратура жекелеген заң жобаларын әзірледі. Парламенттен жақын арада тиісті заңды қабылдауды сұраймын. Бұл қаражат елді дамытуға ғана жұмсалуы керек, – деді ол.

Ол елдегі қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керегін де айтты.

Тоқаев Қазақстанда газ көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан екенін, төмен тарифтер мен төмен баға экономикаға теріс ықпал ететініне назар аударды.

"Бөлінген барлық субсидия көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ" деді президент.

2022 жылдың басында сұйылтылған газ бағасының өсуінен басталған Маңғыстау облысындағы наразылық кейін Қаңтар оқиғасына ұласқан соң, үкімет газ бағасын төмендетуге мәжбүр болған.

Мәжілістің жаңа құрамы жұрт көңілінен шықты ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:53 0:00

ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ТҰСЫНДАҒЫ ЕКІНШІ ПАРЛАМЕНТ

Қазақстанды 30 жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметін сол кезде парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалдырған 2019 жылғы наурыздан бері елде осымен екінші рет парламент сайлауы өтті.

Биыл 19 қаңтарда Тоқаев 2021 жылы сайланған жетінші шақырылымдағы парламент пен барлық деңгейдегі мәслихатты таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарлық шығарған.

Өткен жолғы парламент сайлауы кезінде елдің жоғарғы билігіне ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесінің әрі билік партиясының төрағасы қызметінде болған Назарбаев Қаңтар оқиғасынан кейін биліктен біржола аластатылған. Ол билікте отырған кезде құрған "Нұр Отан" партиясы атауын "Аманат" етіп өзгерткен. Қаңтардан кейін Тоқаев бұл партиядан шыққанымен, "Аманат" парламентте басым дауысқа ие болып қалды. 19 наурыздағы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, "Аманат" партиялық тізіммен берілетін 40 орынға қоса, бірмандатты округтерден сайланған 22 партия мүшесі есебінен тағы да көп дауыс алып отыр.

Ақорда елде "саяси жүйе жаңғырып жатқанын" мәлімдегенімен, бақылаушылар сайлау кезінде бұрмалау мен заңсыздық фактілері көптеп тіркелгенін, билік шынайы оппозицияны сайлауға қатыстырмай, сайлау барысы мен қорытындысына наразылық білдірген белсенділерді қудалау, ұстау сияқты іс-әрекеттер бәз баяғыдай жалғасып келе жатқанын айтады.

Қазақстандағы биылғы сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деп мәлімдеді. Сайлауға өз-өзін ұсынған бірнеше тәуелсіз кандидат сайлау қорытындысын мойындамайтынын айтып, сотқа жүгінді.

Билік 19 наурызда "сайлаудың жалпы қорытындысына әсері жоқ жекелеген заң бұзу фактілері" болған деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG