Сәуір айында Өзбекстанда Қоқан педагогика институтының студент қыздары жатақханадағы бөлмеге жасырын камера орнатылғанын біліп, оны журналистерге хабарлаған. Институттың бұрынғы проректорына 4,5 млн сум (394 доллар), тағы үш бұрынғы қызметкерге 3 млн сумнан (262 доллар) айыппұл салынды деп хабарлады Gazeta.uz сайты.
Сот Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтының бұрынғы төрт қызметкеріне жасырын камераға қатысты іс бойынша шешім шығарды.
Өзбекстан Жоғарғы соты баспасөз хатшысы Әзіз Абидовтің хабарлауынша, 4,5 млн сум айыппұл жоғары оқу орнының рухани ағарту ісі жөніндегі проректоры Ойбек Бозоровқа салынған.
Көктемде пединститутта оқитын қыздар жатақханадағы бөлмеге жасырын камера орнатылғанын біліп, оны мамандарға көрсеткен. Камераға қыздар киім ауыстырып жатқаны да түсіп қалған.
Институт проректоры Ойбек Бозоров студент қыздардың милицияға шағымданғанына ашуланса, ректор Дилноза Хожаева оларды оқу орны мүлкін бүлдірді деп айыптаған.
5 сәуірде жоғары білім жөніндегі министрлік проректор мен тағы үш қызметкерді жұмыстан шығарғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР