Accessibility links

NYT: АҚШ "Кремльге дронмен жасалған шабуылдың" артында Украина тұр деп есептейді


Мамыр айында Кремльге жасалған "дрон шабуылының" артында Украинаның әскери немесе барлау ведомстволарының бірі тұр. АҚШ әкімшілігінің өкілдері осылай деп есептейді. Алайда Американың барлау қызметінде шабуыл жөнінде толық ақпарат жоқ және АҚШ әкімшілігі бұл бағалауға да нық сенімді емес. Бұл жөнінде АҚШ әкімшілігіндегі шенеуніктерге сүйенген New York Times басылымы жазды. Мақалада шенеуніктердің аты-жөні көрсетілмеген.

Басылымның жазуынша, АҚШ барлау қызметінде шабуылды Украинаның нақты қай қызметі немесе құрылымы ұйымдастырғаны жөнінде мәлімет жоқ. Шабуыл жөнінде Украина басшысы Владимир Зеленский мен айналасындағылар білді ме, жоқ па деген сұраққа да барлау қызметі жауап бере алмайды деп жазды NYT.

Ақпаратқа қарағанда, барлау қызметі жоғарыдағыдай тұжырым жасар кезде өзге ақпараттармен қатар телефон әңгімелеріне де сүйенген, себебі Ресейдің ресми тұлғалары оқиғаға таңғалған. Бұл жайт "дрон шабуылын Ресейдің өзі арандату үшін ойлап тапты" деген болжамды растамайды.

New York Times-тің жазуынша, АҚШ әкімшілігі "Ресей Украинаны қолдайтын ел ретінде оқиғаға АҚШ-ты да кінәлауы мүмкін" деп те алаңдап отыр.

Ресей билігі бұған дейін Кремльдегі сенат сарайының күмбезі жанында жарылған екі дрон шабуылын "теракт" және "президент Владимир Путинге қастандық жасау талпынысы" деп бағалаған (Путин шабуыл кезінде Кремльде болмаған). Ресми Мәскеу оқиғаға Украинаны да, АҚШ-ты да айыптаған.

New York Times-тің жазуынша, дрондар Украина аумағынан емес, Мәскеуден немесе Мәскеу облысынан ұшырылған болуы мүмкін. Мақаладағы мәліметке қарағанда, "дрон шабуылының" мақсаты ғимаратты бүлдіруден гөрі қоқан-лоқы сипатындағы ескертуге көбірек ұқсайды.

Украина билігінің өкілдері мен президент Зеленскийдің өзі де оқиғаға Киевтің қатысы жоғын айтып, Украина өз жеріндегі ресейлік әскермен соғысып жатқанын, Мәскеудегі Путинге шабуылдамайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG