Accessibility links

Ақтөбеде жұрт оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинді еске алып, дұға оқыды


Оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышәлинді еске алуға жиналған халық мешіт алдында жүр. Ақтөбе, 25 мамыр 2023 жыл.
Оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышәлинді еске алуға жиналған халық мешіт алдында жүр. Ақтөбе, 25 мамыр 2023 жыл.

25 мамыр күні Ақтөбеде қоғам белсенділері жуырда қайтыс болған оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинді еске алып, Құран бағыштады. Ақтөбедегі "Нұрғасыр" мешітінің асханасында өткен шараға 100-ге жуық адам қатысты.

Жасарал Қуанышәлинді еске алу шарасын "Халық дауысы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Бірлестік жетекшілерінің бірі Қайырғали Арыстанғалиевтің сөзінше, ұйымдастырушыларға Ақтөбе әкімдігі де көмектескен.

– Жасарал туралы айтқанда, көпшілік оны оппозиционер дейді. Оппозиционер болу – айып емес. Позиция деген бар, оппозиция деген бар. Ол жақсы. Өйткені жүйе жиі өзгеріп отырмаса, шіріп кетеді. Жасарал – "өлмейтұғын артына сөз қалдырған" адам. Ондай адамдардың туған күні болады да, өлген күні болмайды, – деді әлеуметтанушы Алтай Тайжанов.

Ақтөбелік белсенді Нұрлан Мәмбетов "Өмір бойы шіріген билікпен күресумен өткен ұлт патриотына туған жері Ақтөбеде ескерткіш қойылып, көше аты берілуге тиіс" дейді.

Жасарал Қуанышәлинге арналған дұға дастарханына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева да келді. Бұлбұл Елеусінова "Бұл – бірліктің арқасында атқарылып жатқан іс. Елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға, қоғам қайраткерінің жасаған еңбегіне ризашылық білдірген жөн" деді.

1990 жылдардан бері Қазақстанның саяси өмірінде белсенді күрескерлігімен көзге түскен қоғам қайраткері, көп жылын оппозицияда өткізген Жасарал Қуанышәлин 18 мамырда 74 жасында Алматыда қайтыс болды.

Жасарал Қуанышәлин 1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. Кейін оппозицияға өтіп, түрлі ұйымның қатарында билік саясатын ашық сынап келді. Кейінгі жылдары партия құруға талпынғанымен, оларды әділет министрлігі әртүрлі уәжбен тіркемеген. Президент сайлауына түсуге де ниет білдіргенімен, кандидат ретінде тіркеле алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG