Accessibility links

Түркияда президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр


Түркияда сайлау учаскелері жексенбі күні таңертеңгі сағат 8-де ашылды. Президент сайлауының екінші туры басталды. Елді 20 жылдан бері басқарып келе жатқан Режеп Ердоған оппозиционер Кемаль Қылышдароғлымен президент қызметіне таласады.

Сайлаудың алғашқы туры 14 мамырда өткен. Бірде-бір кандидаттың жинаған дауысы 50 пайызға жеткен жоқ. Ол кезде Ердоған сайлаушылардың – 49,5%, негізгі қарсыласы Қылышдароғлы 45% дауыс жинаған. 5 % дауыс жинаған әсіреоңшыл "Ата альянсы" саяси блогының кандидаты Синан Оған жақтастарын екінші турда Ердоғанға дауыс беруге үндеген.

Сарапшылар бүгінгі сайлауды Түркия республикасы тарихындағы ең тартысты сайлаулардың бірі ретінде атайды. Ол елде көптеген мәселе қордаланған шақта өтіп отыр. Үш ай бұрын елдің оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісі 50 мыңнан астам адамның өмірін алып кетті. Табиғи апаттан зардап шегушілер аймақты қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Ел экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. 2021 жылы елде инфляция деңгейі 36 пайыздан асса, 2022 жылы 80 пайызға жетті. Азық-түлік қымбатшылығы мен ұлттық валютаның құнсыздануының салдарынан қазіргі президентті қолдайтындар едәуір азайған. Елде аз ұлттар мен күрдтер сепаратистік қозғалыс мәселесі шешілмеді. Этникалық күрдтер сайлаушылардың шамамен 15-20 пайызын құрайды.

Ердоған сыншылары егер ол тағы сайланса, Түркия түпкілікті түрде автократияға бет бұрады деп қауіптенеді.

Кемаль Қылышдароғлы сайлау кампаниясы кезінде егер ол билікке келсе, "қуғын-сүргінді доғарып, демократияны жандандыратынын" айтқан. Ол сонымен бірге Ресеймен достық қатынасты сақтап қалатынын айтқан. Алайда сайлауға бірнеше күн қалғанда Қылышдароғлы Кремльді "сайлауалды кампаниясына араласты" деп айыптаған.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейге Ердоғанның билікте қалғаны тиімді. Ердоған тұсында Түркия Ресейге Украинаға басып кіруіне байланысты салынған санкцияға қосылған жоқ. Дегенмен Түркия Украинаға "Байрактар" дронын жеткізген.

Түркияның араласуымен украин порттарынан астықты тасымалдау шарттары жазылған "астық келісіміне" қол қойылған.

XS
SM
MD
LG