Accessibility links

Қытай құрастырған алғашқы жолаушылар ұшағы жолға шықты


China Eastern Airlines әуе компаниясының С919 ұшағы
China Eastern Airlines әуе компаниясының С919 ұшағы

Қытай өзі құрастырған алғашқы жолаушылар ұшағын рейске шығара бастады. 28 мамырда China Eastern Airlines әуе компаниясының С919 модельді ұшағы Шанхай - Пекин бағыты бойынша ұшты.

Шағын ұшақты Қытайдың СОМАС әуе компаниясы құрастырған. China Eastern әуе компаниясы осы модельдің алғашқы экземплярын 2022 жылы желтоқсанда сатып алған. Сынақтан кейін ол көп ұзамай коммерциялық пайдалануға берілген.

Екі моторлы ұшақ эконом және бизнес-кластағы бортымен 164 жолаушы мінгізе алады. Ол орта қашыққа ұшатын әуе кемелері санатына жатады және 5500 шақырымға дейін ұша алады. 2022 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, СОМАС-қа әлемдегі 32 компаниядан 1035 ұшақ құрастыру жөнінде тапсырыс түскен.

СОМАС өкілдерінің айтуынша, С919 моделі нарықта Boeing және Airbus ұшақтарымен бәсекеге түсе алады. Компания жылына 150 ұшақ құрастыруды жоспарлап отыр.

Ұшақ бөлшектерінің басым бөлігі Қытайда шығарылғанмен кейбір тетіктері Батыс технологиясына тәуелді: әуе кемесінің қозғалтыштары мен электронды жабдық кешені шетелден әкелінеді. Leap-1C қозғалтқышын америкалық General Electric пен француздың Safran компаниясының бірлескен CFM International компаниясы шығарады.

XS
SM
MD
LG