Accessibility links

Алматыда репрессия құрбандарын еске алмақшы болған белсенділерді полиция үйден шығармады, саябақта интернет өшті


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейді. 31 мамыр, 2023 жыл.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейді. 31 мамыр, 2023 жыл.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні Алматыда белсенділер жиналады деген саябақ маңында таңертеңнен бастап қауіпсіздік шарасы күшейді. Ол жерде интернет өшіп қалды. Шеруге қатыспақшы болған белсенділерді полиция үйден шығармай қойған соң, акция өтпей қалды.

САЯБАҚ МАҢЫНДАҒЫ КҮЗЕТ, ІСТЕМЕЙ ҚАЛҒАН ИНТЕРНЕТ

Сәрсенбі күні Алматыдағы Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелері қиылысатын тұста орналасқан саябақ маңында таңертеңнен полиция қарасы әдеттегіден көп болды. Таңертеңгі сағат 8-ден кете сол жерге барған Азаттық тілшісі іші арнайы жасаққа толы кемінде төрт автобус көрді. Осы маңайда интернет бір істеп, бір істемей тұрды.

Таңертеңгі сағат 9 шамасында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бастаған бір топ атқамінер осы саябақтағы Ашаршылық құрбандары ескерткішіне гүл қойды. Шараға шенеуніктермен бірге билікке жақын кейбір ақын-жазушы, ғалымдар, қарапайым тұрғындар да қатысты.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бастаған шенеуніктер мен тұрғындар Ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл қойды. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бастаған шенеуніктер мен тұрғындар Ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл қойды. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.

31 мамыр күні жергілікті белсенділер Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шеруін өткізуге жиналатыны туралы ақпарат бұдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде тараған. Мысалы, "31 мамыр" қоғамдық комитетінің белсенділері осы күні қалада шеру жасап, аза тұту митингісін өткізетінін айтқан.

Бір күн бұрын, 30 мамырда Алматы қалалық прокуратурасы Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қалада ешқандай митинг, шеру я басқа көпшілік шара өткізу жоспарланбағанын хабарлап, бейбіт жиын туралы заңды бұзғандар 25 күнге қамалатынын ескерткен.

ӨЗ ҮЙІНДЕ ҚАМАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР

Құқық қорғаушы Андрей Гришин 31 мамырда Алматыда митинг өткізбек болған белсенділерді полиция үйден шығармай қойғанын хабарлады. "31 мамыр" қоғамдық комитеті полиция әрекетіне қатысты үндеу жариялап, белсенділерді шеруге жіберуді талап етті.

"Бұл – конституциялық құқықтарымыз бен бостандықтарымызды заңсыз бұзу, тіпті ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл қою, жалпыұлттық үнсіздік сәтін өткізу ниетімізге кедергі жасау!" делінген комитеттің үндеуінде.

Сәрсенбі күні "31 мамыр" комитетінің өкілі Анар Аққозы үйінен шыққан кезде өзіне полиция келгенін хабарлап, видеосын да жариялады. Видеода комитет өкілі полицейлерден "не болды?" деп сұрайды, бірақ полиция қызметкерлері нақты жауап бермей, оны ұстап, көлікке отырғызуға тырысады. Әрі қарай видео үзіледі.

Алматыда қауіпсіздік шараларының күшеюі қалаға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуіне де байланысты. Ресми ақпаратқа қарағанда, сәрсенбі күні Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келген. Ол Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты қандай да бір шараға қатысатын-қатыспайтыны белгісіз.

"ШЕРУ ӨТПЕЙТІН БОЛДЫ"

Сәрсенбі күні түске таман Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған саябаққа келген "31 мамыр" комитетінің өкілі Нұрлан Әміреқұлов полиция белсенділерді ұстап, түрлі тосқауыл жасағандықтан, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шеруі өтпейтінін хабарлады. Ол бүгін осы саябаққа келуіне полиция кедергі жасағанын да айтты.

"31 мамыр" комитетінің өкілі Нұрлан Әміреқұлов (ортада) Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында сөйлеп тұр. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.
"31 мамыр" комитетінің өкілі Нұрлан Әміреқұлов (ортада) Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында сөйлеп тұр. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.

Дегенмен биліктің ескертуіне қарамастан, 31 мамыр күні Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына 200 адам қатысты. Төңірегінде полиция көліктері мен арнайы жасақ толы бірнеше автобус тұрған саябаққа келген олар билікті сынап, үкіметке бірнеше талап қойды:

  • Саяси қуғын-сүргін, Ашаршылық және депортация құрбандарына арналған азалы күн жариялау. Оны Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов атылған күнге (27 қыркүйек) сәйкестендіру;
  • Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін демалыс деп жариялау. Қазақстан мен елдің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде мемлекеттік туды түсіру. Қуғын-сүргін құрбандарын үнсіздікпен еске алу;
  • Жыл сайын Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және сталиндік депортация құрбандарын еске алу шеруін өткізу.
Азаматтық белсенділер Ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.
Азаматтық белсенділер Ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.

Құқық қорғаушылар тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылдан астам уақыт өткен Қазақстанда үкіметті ашық сынайтындар жиі қудалауға түсіп, көбіне негізсіз айып тағылып, жазаланатынын, елдегі саяси тұтқындар тізімі үнемі жаңарып отыратынын айтады. Ресми Астана оны терістеп, елде ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деп сендіруге тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG